Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елдегі азық-түлік қорларының ішкі сұранысты қамтуына қатысты пікір білдірді. Министр күзгі жиын-терім нәтижесі нан бағасына әсер етеді ме деген сұраққа да жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрі журналисттердің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр ма деген сұрағына жауап берді. Министрдің айтуынша өнім көлемі былтырғыдан қарағанда аз болуына қарамастан елімізде ішкі сұранысты қамту үшін азық-түлік қоры жеткілікті. 

 «Әкімдіктердің мәліметінше, астық түсімі шамамен 16 млн тонна болады, оған қоса 3 млн тонна – былтырғы қалдықтар бар, барлығы – 19 млн тонна. Яғни, біз ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеміз. Десе де, экспорттық сұраныс аздап төмендейді. Бірақ біз дәстүрлі нарықтарымызды сақтаймыз», – деді Сапаров.

Алайда биыл егіннің сапасы да, өнімі де төмен. Астық экспорты деңгейі де былтырғыдан төмен болады. 

Дегенмен, жаңа министр нанның бағасы жыл соңына дейін көтерілмейтініне кепілдік бере алмайтынын айтты. Оның айтуынша, бидай 160 теңге болған кезде нан қымбаттап кеткен. Ал бидайдың бағасы тоннасына 80 мың теңгеге түскенде нан арзандамаған. Бүгінгі күні нарықта бидай 105-110 мың теңге. Сондықтан нан бағасы қазіргі күні өзгеріссіз осы бағада қалады деп мәлімдеді. Нанның құнына сыртқы факторлар әсер ететінін айтты. 

«Қазір нанның құны 92 теңгеден жоғары. Мен жаңа министр ретінде енді ғана жұмыс істей бастадым. Көптеген факторлар бар, 100% кепілдік беру қиын», – деді Айдарбек Сапаров.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!