Егін жинау науқаны Үкімет отырысында талқыланды. Биыл еліміздің бірқатар аграршылары құрғақшылық пен суармалы судың болмауы секілді мәселелерге тап болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мәліметінше, зардап шеккен аймақтарда өнім аз жиналатынына қарамастан, өнім жеткілікті мөлшерде.

«Жиналған өнім жеткілікті. Қазақстандықтар нансыз қалмайды», – деді премьер.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің ақпаратына сүйенсек, биыл 2,8 миллион тонна астық жиналған, оның орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егін жинау алаңы 24 миллион гектар болады, оның ішінде дәнді дақылдар – 17,4 миллион гектар.

Сонымен қатар, премьер-министр климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен мәселе екенін атап өтті. Осыған байланысты Смайылов су ресурстарын ұтымды пайдалануды күшейту жөніндегі жол картасын әзірлеу қажеттігін мәлімдеді.

«Өңірлерге су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу қажет. Сондай-ақ, қазіргі жағдайда жем дайындауға ерекше назар аудару басты қажеттіліктердің бірі», – деді ол.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/89273/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!