Фото: abai.kz

Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспан «Qasqa Jol» ютуб-каналына сұхбат беріп, біраз мәселенің бетін ашты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ел арасында қарапайым халықтың қаржылық және құқықтық сауаты жоқ, деген ой көптеп тарап кетті. Белгілі заңгер осы сөздің қаншалықты рас екеніне тоқталып өтті. 

Менің лексиконымда «жоқ, білмейді» деген сөз жоқ, оның орнына төмен деп айтамын. Бұл тұрғыда бір елден төмен болсақ, бір елден ілгеріміз. Дегенмен заң тұрғысынан біліміміз Еуропадан жоғары деп айта алмаймыз. Онымен ешкім дауласа алмас, мойындау керек. Америкада ұлы экономикалық құлдырау – «Ұлы депрессия» болған кезде 3 миллионнан астам американдық акцияларымыз түсіп кетті деп қиындыққа тап болған. Сол кезде қатардағы американдықтар акцияларын үлкен компанияларға салған. Бұл – соғысқа дейінгі жылдар. Ал біз акция туралы ол кезде де, 90-жылдарда да білген жоқпыз. Осыдан-ақ халықтың қаржылық сауатының деңгейін білуге болады. Бірақ көштің соңында деп те айтуға келмейді.

Абзал Құспан құқықтық кеңес берумен айналысқан кезде ел халқының жиі ұшырасатын қаржылық проблемаларымен жұмыс істеген. Айтуынша, адамдар керек емес қымбат дүниелерді кредитке алуға құмар келеді. 

Қаржылық және құқықтық сауаттың төмендігінің көрсеткіші – елдің жаппай кредитке кіріп кеткендігі. Тегін құқықтық кеңес бергенімде жүгінгендердің несие тарихына үңілсем қажет емес қымбат дүнилерді кредитке алғандарына куә болдым. Сондай жағдайларды өз көзіммен көрген соң қаржылық, құқықтық деңгей төмендеу деп айтамын. Сол үшін әлі де көтеріп, арттыруымыз керек.

Заңгердің айтуынша, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін мемлекет халықтың жағдайын жасау керек. Яғни, қазақтың көңіліндегі ертеңгі күнге деген алаңдаушылық жойылмаса, елдің жағдайы ешқашан реттелмейді. 

Астана қаласында тіл мәселесі ушығып тұр. Осыған байланысты адамда алаң сезімі деген болады. Болашағымыз қалай болады, өз жерімде өзімді қожайын сезіне алмаймын деген көңілде ылғи алаң тұрады. Осы орайда үнемі айтатын сөзім бар: Қазақстанда қазақтың жағдайы шешілмесе, ешқашан жағдай реттелмейді. Оның арты үлкенді-кішілі қақтығыстарға ұласады. Мен мұны Қаңтар оқиғасына, жаппай жер көтерілісіне дейін де айтқанмын. Қазақстанда жағдай реттелсін, тұрақталсын десек мемлекет бірінші кезекте қазақтың жағдайын жасауға жұмыстану керек. Отыз жылда берілген уәдені орындап тіл мен дін мәселесін бір орынға қойып, қарапайым отбасының экономикалық жағдайын реттеу керек. Сонда халық даму процесіне көшеді. Көңілдегі алаң кетіп бизнеспен айналысуға, баланы шетелде оқытуға қарай ұмтыла бастайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!