2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 41 мыңнан астам баспана сатылды. Елімізде тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысы өсті. Ең қымбат жаңа үйлер Павлодар мен Астанада, жалдау ақысы Ақтөбеде рекорд жаңартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның тұрғын үй нарығында 41 313 сату-сатып алу келісімі тіркелді. Бұл көрсеткіш тамыз айындағы деңгейден аздап төмен.
Осы мәмілелердің 32 мыңнан астамы көпқабатты үйлердегі пәтерлерге, ал шамамен 8,6 мыңы жеке үйлерге тиесілі. Жалпы белсенділік 0,2% төмендегенімен, тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Келісімдер саны бойынша дәстүрлі түрде Алматы, Астана және Қарағанды облысы көш бастап тұр. Ал ең аз мәміле саны Ұлытау облысында тіркелген.
Айрықша белсенділік байқалған өңірлер де бар. Мәселен, Қызылорда облысында мәмілелер саны 20,2%, Атырау облысында – 12,6%, ал Түркістан облысында – 9,9% артқан. Ал керісінше, Шымкент, Алматы және Жетісу облыстарында мәмілелер азайған.
Жылдық есепте тұрғын үй сату көлемі 4,5% өссе, 9 айдың қорытындысы бойынша бұл өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2% құрады.
Ең айқын өсім Астанада байқалды – 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда бірден 30,1% жоғары.
Баспана бағасы қандай?
Бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйлердің (бастапқы тұрғын үй) бағасы 12,8%, ал екіншілік нарықтағы үйлердің құны 10,3% өскен. Жалға алу ақысы орта есеппен 9,9% артқан.
Ең жоғары баға өсімі Павлодарда тіркелді – жаңа үйлердің құны бір жылда 26,4% көтерілген. Сондай-ақ Қызылорда, Шымкент және Астана қалаларында да баға айтарлықтай қымбаттаған.
Екіншілік нарықта баға өсімінің көшбасшылары – Ақтөбе, Павлодар және Алматы.
Ал тұрғын үйді жалға алу құны ең қатты Ақтөбеде өсті – 40,7%, бұл көрсеткіш бойынша қала елде бірінші орында. Одан кейін Жезқазған мен Астана келеді.
Айлық өзгеріс (2025 жылғы тамыз-қыркүйек аралығы):
• жаңа үйлердің бағасы – 2,1% өсті;
• екіншілік нарықтағы баспана – 1,5% қымбаттады;
• жалдау ақысы – 2,8% артты.
Жалпы, мәмілелер саны аздап қысқарғанымен, сұраныс тұрақты, ал бағалардың өсуі жалғасуда. Бұл жағдай тұрғын үйге деген қызығушылықтың тек сатып алушылар арасында ғана емес, сонымен қатар инвесторлар тарапынан да сақталып отырғанын көрсетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!