Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру ұйымдары кешенді мониторингтен өткен болатын. Нәтижесінде 68 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп, 1 қыркүйекке дейін бітпейтіні белгілі болды. Бұл жаңа оқу жылында бірқатар проблемаға себеп болуы мүмкін. Осыған орай биылғы оқу жылы алдында Қазақстандағы мектептердің дайындығы жайлы материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласында.

Елімізде қанша мектеп бар?

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда елімізде 7724 мектеп бар. Оның ішінде ауылдық жерлерде – 5279 мектеп болса, қалада – 2445 мектеп бар. Бір ауысымды – 2740 мектеп, екі ауысымды – 4847 мектеп және үш ауысымды – 137 мектеп бар. Аралас (екі тілді) мектептер саны – 2294.

Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде 68 мектептің жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталмайтыны анықталған.

Жаңа оқу жылына дайын емес мектептер қайда орналасқан?

Оқу нысандарын аралау кезінде министрлік өкілдері мектептердің қазіргі ахуалына, ресурстарына және білім саласындағы НҚА талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізген. Әкімдіктердің жоспарына сәйкес, 193 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Ал келісімшартқа сәйкес 51 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жылдың соңында, ал 17 мектепте келесі жылдың басында аяқталатыны белгілі болды. Оқушылар үшін басқа оқу орындары белгіленіп, тасымалдау ұйымдастырылады.

Әкімдіктерге оқу жылы басталғанға дейін оқу бағдарламаларын әзірлеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, оқу процесін ұйымдастыру және оқушыларды білім беру ұйымдарына және кейін кері үйлеріне тасымалдауды ұйымдастыру үшін уақытша білім алу орындарын айқындау туралы ұсынымдар берілген. Қазір еліміз бойынша 260-тан аса мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, тамыз айының соңында министрлік кезекті мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.

Жаңа оқу жылына дайын емес мектептер қай өңірлерде екендігін төмендегі суреттен көре аласыздар.

Баланы мектепке дайындау үшін кімдерге қаржы беріледі?

Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады. Атап айтқанда, Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілді. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып алатын болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге белгіленген. Ақша ата-аналардың жеке шотына аударылады.

«Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата – аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасында қандай өзгерістер бар?

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп бой көтеруі тиіс еді. Алайда, бұрын бекітілген тиісті Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіліп, білім ордаларының саны 33-ке азайып, енді ел бойынша жалпы саны 368 мектеп салынады.

«Үкімет 2022 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қорын құрды. Аталған қордың қаражаты мектеп құрылысына жұмсалады. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қор қаражаты есебінен 96,5 млрд теңге сомаға 78 мың оқушы орнына (екі ауысымда) 61 мектеп салу ісі қаржыландырылды. Бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында Оқу-ағарту министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, апатты объектілерді жою, үш ауысымдық оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы үшін өңірлер бөлінісінде жаңа оқушы орындарын енгізу бойынша қажеттілікке қайта талдау жүргізді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен 2023 жылғы 17 сәуірдегі жиында мектептер санын қысқарту және құрылысқа жоспарланған мектептердің жобалық қуатын оңтайландыру жолымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде енгізілетін оқушы орындарының санын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды», – деп жазылған өзгеріс енгізілгелі отырған Үкімет қаулысының-жобасында.

Осыған байланысты, ұлттық жоба аясында салынатын білім ордалары мен қаражат көлемі қысқаруы мүмкін.

«Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар саны 368 мектепті құрайды. Жалпы, бекітілген Ұлттық жобада – 401 мектеп. Яғни, олардың санын 33 мектепке азайту көзделген. Ал, Ұлттық жобаға сай айқындалған екі ауысымда оқитын мектептердегі 842 мың оқушы орнын 104 мыңға азайтып, 738,2 мың оқушы орнына арнап бекіту ұсынылады. Ұлттық жобаны іске асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі 2 606 596 055 мың теңге болып бекітілген. Енді ол 61,8 млрд теңгеге төмендеп, 2 544 789 842 мың теңге болады», – делінген қаулыда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!