1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтар үшін Байқоңыр қаласына кіріп-шығу тәртібі жеңілдейді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Qyzylorda телеарнасына сілтеме жасап.
Енді тұрғындарға шаһарға кіріп-шығу үшін алдын ала рұқсат алып, құжат тапсырмайды.
«Белгіленген тәртіп бойынша Байқоңырға қонаққа немесе іс-сапарға келетін кез келген адам 10 күн бұрын өтініш беруі керек. Келісімге өзгеріс енгізілді. Ұзақ уақыт зерттеуден кейін шешім қабылданды. Пилоттық режимде 1 желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтарына өткізу пунктінде рұқсаттамалар беріледі»,—деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары және президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай.
Айта кетейік, Байқоңыр – Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген қазақстандық қала. Қалаға кіріп-шығудың да өз тәртібі бар. Қала аумағына плиталар, жан-жағына бейнекамералар қойылған.
Қолданыстағы мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, «Байқоңыр» кешені (оның құрамына ғарыш айлағы мен қала кіреді) 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!