Қазақстанда 1,5 миллион адамның проблемалық несиесі бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қарыздың басым бөлігі өтелсе, кешіру керек деді.

Ол бұл туралы Мәжілісте тілшілерге берген жауабында айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

2020 жылдан бастап банктер агенттіктің келісімі бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларды әзірлеп, іске асырып жатыр. Екі жыл ішінде 648 миллиард теңге проблемалы қарыздар есептен шығарылды,

— дейді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы елімізде жеке тұлғалар бойынша 6,2 миллион адамның банктерде кредиті барын айтты. Ал проблемалық қарыздар банктің балансында да, баланстан тыс та бар екен.

Біздегі есеп бойынша, барлық банк пен микроқаржы ұйымын, банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын алғанда, жалпы саны 1,5 миллион адам проблемалық кредитпен жүр,

— деді ол.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, оның ішінде 430 мыңға жуығы банктердіі балансында екен. Қалғаны микроқаржы ұйымдары мен баланстан тыс есепте тұр.

«Біздің агенттік банктер мен микроқаржы ұйымындарының барлығына, коллекторлық агенттіктерге проблемалық қарыз алушылардың санын азайту бойынша жеке жоспар әзірлеуді тапсырды. Олар проблемалық қарыздарды қайта құрылымдау бойынша арнайы шараларды қолға алуы тиіс. Атап айтсақ, кредитті есептен шығару, егер несиенің басым бөлігі өтелсе, кешіруі керек», — деді агенттік басшысы.

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң жобасын қабылдады. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын 2023 жылдың 26 сәуіріне дейін қарап, қорытынды әзірлеуге дайын екендерін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!