Фото: elements.envato.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына ресейлік қантты автокөлікпен тасымалдауға тыйым салу мәселесін қарастырмақ. Бұл туралы аталған ведомствоның вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Кazinform-ға сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер министрлік өкілінен ресейлік қантты автокөлікпен елімізге әкелуге тыйым салу туралы мамандардың ұсынысына қатысты сұрақ қойды.

«Жалпы, елімізде төрт қант зауыты бар, оның біреуі қант құрағын өңдеу арқылы өнім өндіріп жатыр. Қант өнеркәсібін дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, тиісті кешенді жоспар қабылданды. Бірақ қазір ресейлік қанттың бағасы бірқатар себептерге байланысты біздің елде өндірілетін қантқа қарағанда арзанырақ. Сондықтан импортталатын қант әлдеқайда арзан екенін ескере отырып, отандық қызылша шикізатынан қант өндіретін зауыттарымызға объективті және әділ баға беру үшін бұл мәселені қарастырып жатырмыз», – деді Тасжүреков.

Ол бұл мәселе ведомствоаралық комиссия отырысында қаралатынын айтты.

«Қазір бұл мәселемен айналысып жатырмыз, сондықтан ведомствоаралық комиссияға тиісті ақпарат дайындалып, талқылауға ұсынылады. Егер бұл мәселені аталған комиссияның барлық мүшесі қолдаса, онда тиісті шешім қабылданады», – деді вице-министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!