Адам баласы мамандық таңдаған кезде ең алдымен өзінің қабілетіне қарай таңдайды. Біз, журналистер, кез келген тақырыпта, кез келген жағдайда, кез келген мәселені жазған дүниемізбен, түсірген сюжетімізбен халыққа дәл әрі нақты жеткізе аламыз. Кімге, нені, қашан, қалай айту керегін анық білеміз.

Ал көтерген мәселенің жауапты мамандар тарапынан шешім табуы, қоғамда қызу талқыға түсіп, нақты нәтиже беруі, халық пен биліктің арасында тікелей «көпір» бола білуіміз – журналист деген атауға лайықты екеніміздің бірден бір көрінісі.

Журналистке қандай қасиет керек? Менің ойымша, мінезсіз қаламгерді журналист деп атауға болмайды. Себебі мінезсіз адам журналист болып бар шындықты жеткізбек түгіл өмірде де жетістікке жетіп, алға жылжуы екіталай. Бұл мамандық табандылықты, ізденімпаздықты талап еткендіктен, журналистика мамандығының маңайында шыдамды, мінезді адамдар ғана қалады. Нағыз журналист, яғни, мінезді қаламгер біреуді ақ, біреуді қара етпей, тек шындықты жазуға тиіс.

Сонымен бірге журналист әрқашан қоғамдағы барлық саладан хабары бар, жарықтың жылдамдығын жолда қалдыратын ақпарат ағынына ілескен, жан-жақты, дүниетанымы кең болуы керек. Оған Н.Михалковскийдің: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады» деген сөзі дәлел.

– Әлемде бәрі өзгереді, өзгермейтін тек жансыз дүниелер болар. Журналистиканың да бет-бейнесі уақыт өткен сайын түрленіп тұрады. Сондықтан бұл процесс заңды. Технология қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Сәйкесінше, біздің салаға мультимедиалық құралдар дендеп енді. Ол қоғам сұранысынан туындап тұр. Аталған үдерістің барлығын жіті назарда ұстап, журналистикаға жаңа, тың серпін әкелетін мамандар даярлауға тырысамыз. Әлеуметтік қоғамдық жауапкершілік басты орында, себебі журналист тек ақпарат таратушы емес, қоғамның мүддесін жақтаушы, қоғамдағы тыныштықты сақтаушы, яғни, халықтың көзі, құлағы, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің ұстазы, профессор Назгүл Шыңғысова.

Иә, журналистика тек қызығушылықтан туындайтын мамандық емес, ол көп ізденісті, сол жұмысқа деген сүйіспеншілік пен махаббатты талап етеді. Қазір не жазсам да өзімнің парақшам деп шықпыртып жаза беретіндер көп. Бірақ журналист аз. Санаулы. Билік пен қоғамды байланыстырушы көпірдің бір ұшы болып, кішкентай тамшыдай үлес қоссам да бақыттымын. Айтылған әр сөзіне, қаламына адал қаламгерлердің ізін жалғап, ұлттың рухани, мәдени саулығы жолында үздіксіз ізденісте болу – болашақ журналистің басты арманы.

Саят А,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университеті

журналистика факультетінің

1 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!