Ақпарат айдынында жүрген қаламгерлер үшін журналистика ол – өмір. Журналистика – қоғамның келбеті, ойы, көмегей тілі һәм соғар жүрегі. Ал журналист деген кім? Ол өз шығармашылығы арқылы қоғамға адал қызмет етіп, жаңалықтың жаршысы болған, мәселені зерттеу жолында бар күш-жігерін, алтын уақытын арнаған, қабілет-қарымымен оқырманын баураған жан. Ептілер шыдайды, епсіздер құлайды.
Журналистің жүрмейтін жолы, баспайтын жері жоқ. Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев «Журналистика – сен таңдайтын емес, сені таңдайтын мамандық» дейді. Яғни, журналист – өз мамандығының құлы.
Қастерлі мамандықтың тарихы тереңде. Ежелгі Мысырда папирус парағына ақпарат жазылған. Ал көне Римде хабарландырулар тақтайшаларға ілінетін. Осылайша журналистиканың шежіресі басталды. Арада қанша жыл өтсе де, түпкі мағынасын сақтай отырып бүгінге жетті.
Қазақстанның Құрметті журналисі Қуандық Оразбекұлының «Егер ит адамды қапса, жаңалық емес. Ал адам итті қапса, онда ол – сенсация. Үнемі ойланып жүресің. Ылғи ақпарат көздерін назарда ұстайсың. Соңында мақаланы баспаға беріп, нәтижесін көргенде бір марқаямыз. Міне, бұл тілшілер қауымының жетістігі. Әр газет, сайт, телеарнаның өзіндік асханасы болады. Журналист ғаламда біреу ғана. Ол бөлшектенбейді. Дегенмен әркімнің өзіне лайық стилі бар» дегені бар. Расында да солай. Әрбір журналистің жүріп өткен еңбек жолында өзінің сол саладағы қызығы мен қиындығы қатар келген қатпарлы жолы жатыр. Бұл сала әрбір қаламгердің қоғам алдында жеке тұлға болып қалыптасуына, өзін-өзі табуға жол сілтейді.
Қаламгер қауымды қоғамның айнасы деп атаудың да өзіндік сыры бар. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, қалың бұқараға ұсынады. Соның нәтижесінде айналада орын алып жатқан күллі жайттардан ел хабардар болады. Жалпы, сарапшылар журналистика 46 мамандықтың басында тұр деген пікір айтады. Бұл басқалардан артық дегенді білдірмейді. Қайта тілшілер қосынының қалам тербемейтін саласы жоқ дегенді аңғартады. Журналистика адамзат баласының мына дүние жайлы ойын қалыптастыратын ақпарат құралы деп айтсақ, артық айтпағандық болар еді.
28 маусым – елдің осындай мұңын арқалап, сөздің жүгін көтерген қауымның төл мерекесі. Барша Сыр еліндегі қолынан қалам ұстап, бұқараның түйткілін тарқатып жүрген жандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Шерхан Мұртаза «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейді. Арқалағаны алтын жандардың қанаты талмасын, көпшілікке сапалы әрі ашық ақпаратты жеткізіп, қоғам мен елдің мүддесіне қызмет ете бергей. Қалам мен қарымын егіз ұғым ете білген журналистер қай кезде де көш басында болсын!
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!