Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңес Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалиді қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жоғары лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы шешім қабылдап, басқармаға ұсыныс жасады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы шешімді 10 жұмыс күні ішінде (20 мамырға дейін) қабылдауы керек», – деді Алматы әкімінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметкермен сыйақы туралы сөз таластырған видео пайда болған еді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлеріне жаңа жыл қарсаңында бес-алты айлық көлемде мерекелік сыйақысы бір күнде аударылған. Ал басшының орынбасары қол астындағы қызметкерінен сол сыйақының бір бөлігін өзіне аударуды талап еткен. Бірақ оған көнбей, өзіне қарсы шыққан маманға Мырзағали дауыс көтеріп айқайға басқан. Лауазымды тұлға қылығына қатысты өз уәжін айтты.
«Біз өткен жылы қатты қиналдық.Карантин кезінде жұмыс көп болды. 24 сағат бойы жұмыс істедік. Күн сайын 15 сағат бойы тапжылмай қызмет еттік. Осы адами факторды ексерулеріңізді сұраймын. Өткен жылы қатаң сөгіс алдым. Тексерісте мен демалыс алуды сұраған едім. Себебі қауырт жұмыстан шаршадым. Мен қателігімді түсінемін. Кеңес дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын», – деді Лаура Мырзағали.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевты Әдеп кодексі нормаларының талабын бұзғаны үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жауапқа тарту ұсынылды. Дегенмен қаланың бас дәрігері орынбасарын ақтап алуға барынша тырысты.
«Өкінішке қарай, дау болғанын мойындаймын. Бірақ мен қарамағымдағы қызметкерімнің пандемияда қарқынды жұмыс істегенін айта аламын. Лаура Мырзағали қызметіне адал болды. Тәртіп орнатты. Ал оны видеоға түсіріп алған қызметкер бәрімізді сырттай түсірген. Мені де талай мәрте түсіріпті. Бірақ қуанышқа орай, мен оған артық сөз айтпадым. Балағат қолданбадым. Сондықтан орынбасарымның әрекетін мен жақтаймын. Ол орынды талап қойған», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері ұсыныстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберді. Құзырлы орган мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, алдағы уақытты шешім қабылдайды. Осыған дейін Лаура Мырзағали жалған медициналық анықтама жасағаны үшін басы дауға қалған еді. Жауапты орган бұл жайтты да тексереміз деп сендірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!