Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ЖСДП» фракциясының мүшесі және «Қаржы және бюджет» комитетінің мүшесі Сайлаубай Наурыз Саятұлы мен ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының Төрағасы қызылордадағы «Отбасы банк» филиалының басшылығымен және банк қызметін пайдаланушылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында банктің өткен жылғы атқарған жұмыстарын қорытындылау және алдағы жоспарларды талқылау мәселелері көтерілді.

Наурыз Сайлаубай жастарды қолдауға бағытталған «Сыр жастары» бағдарламасының ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама жастардың қолжетімді баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттырумен қатар, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. «Бұл бағдарламаның арқасында 100 жас өз пәтеріне ие болды. Бұл – аймақ үшін үлкен жетістік. Бағдарламаның алдағы уақытта да жалғасатынына қуаныштымын», – деп мәлімдеді депутат.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай Қызылордадағы «Отбасы банкінің» басшысымен кездесті

2024 жылы «Отбасы банк» Қызылорда облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше тиімді жобаларды іске асырды. Оның ішінде «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары ерекше сұранысқа ие болып, көптеген отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Сонымен қатар, банк қызметін цифрландыру арқылы тұрғындарға онлайн қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл бастамалар банкке деген сенімді арттырып, оның беделін нығайта түсті.

Кездесуде ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков мүмкіндігі шектеулі азаматтардың баспанамен қамтамасыз етілуі мәселесін қозғады. Ол бұл бағытта арнайы тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеудің маңыздылығын атап өтіп, осыған байланысты облыс басшылығы мен Парламентке нақты ұсыныстар енгізілетінін жеткізді. «Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның ерекше қолдауына мұқтаж. Олардың тұрғын үй алу жолдарын жеңілдету – әділетті қоғам құрудағы маңызды қадам», – деді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай Қызылордадағы «Отбасы банкінің» басшысымен кездесті

«Отбасы банк» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев 2024 жылы жүзеге асқан жобалар мен жетістіктер туралы айтып өтті. «Біз баспанасыз жүрген тұрғындарға нақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Жастарға, әлеуметтік осал топтарға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жаңа бағдарламаларды дамыту – біздің басты міндетіміз», – деді ол.

Бұл кездесу тұрғындарға банк қызметтері туралы ақпарат алуға мүмкіндік беріп, депутатқа аймақ тұрғындарының ұсыныстары мен тілектерін жеткізу алаңы болды. Наурыз Сайлаубай тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған мұндай бағдарламалардың тек Қызылорда облысы үшін ғана емес, жалпы елдің әлеуметтік тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап өтті. «Сыр жастары» секілді жобалар жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың болашағына жол ашады.

ЖСДП Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!