Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен, жаңа автовокзалдың жұмысымен және қала аумағында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ жаңа стадионның құрылыс алаңына барды – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сыр өңірінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.

Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал пайдалануға берілген еді. Жаңа ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде автовокзалда облыс аудандарына, басқа өңірлерге қатынайтын маршруттарға, сондай-ақ, транзиттік бағыттағы автобустарға қызмет көрсетіледі. Жолаушылар автовокзалдан 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.

Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.

Сондай-ақ өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!