Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспаналы болып, тіпті, қарапайым кезек арқылы да жаңа үйге қол жеткізген жандар аз емес. Қызылорда қаласындағы сол жағалаудың жаңа тұрғындары – соның айғағы.

Сол жағалауда тұратын, ән өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген Мақсат Мақұлбековтің отбасы – ел сүйсіне қарайтын, көпке үлгілі шаңырақ. Мақсат Қазанғап атындағы музыкалық колледждің «Ән салу» бөлімінде, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың сыныбында оқыған. 2009 жылы аталған өнер ордасын үздік бітіріп, сол жылы музыка өнерінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қабылданады. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі, профессор Ғафиз Есімовтің шәкірті болды. Консерватория қабырғасында жүріп-ақ халықаралық, республикалық вокалистер конкурсының лауреаты атанған Мақсат композиторлар одағының мүшесі А.Райымқұлованың жетекшілігімен «Аңсар» вокалды тобын құрады да сол сәттен бастап оның ән шырқауына, өнер әлеміне енуіне даңғыл жол ашылады. Осылайша өзінің сазды әнімен, күміс көмей дауысымен көптің көңілінен орын ала бастайды.

Кәсіби білімін біліктілікпен ұштастыруды жөн санаған азамат 2015 жылы әнші, композитор Медеу Арынбаевтың тәлімгерлігімен «Қазақстан дауысы» жобасының финалына дейін жетіп, үздік өнер көрсетті. Консерваторияны бітірген соң Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке қабылданған. Мұнда бес жылдай уақыт аралығында опера әртісі ретінде қызмет атқарып, ауқымды рөлдерде Нұржамал Үсенбаева, Венера Алпысбаева, Майра Мұхамедқызы сынды қазақ операсының майталмандарымен бірге бір сахнада өнер көрсеткен.

Өнерді өмірінің бір бөлшегі деп білетін ол 2016 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясы Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінде камералық оркестр солисі қызметін атқарып келеді. Өнер ұжымымен бірге Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінде гастрольдік сапарда болып, Сыр елінің, қазақтың классикалық өнерін насихаттауға өз үлесін қосып жүр. Қазіргі таңда өнерпаз азамат Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімінің І санаттағы ұстазы.

Мақсаттың өнерге келуіне ата-анасының ықпалы бар. Әкесі Нұрлан Мақұлбеков – шаруа адамы. Анасы Карима Шоңғараева да өнерден алыс емес. Қазіргі таңда зейнетке шыққан олар – 3 немеренің ата-әжесі.

Өнерлі отбасының келіні, Мақсаттың жары Ұлдана Бейсенова – әнші, ұстаз. Ұлдана да Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжін бітіріп, кейін жоғарғы білімді Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетінде жалғастырған. Қазір ол Астрахань консерваториясының 2 курс студенті. Мамандығы – хорда дирижерлау.

Ал кезекті кейіпкер – Мұстафа Қалтаев Шиелі ауданы Досбол би ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 2010 жылы Қызылорда мемлекеттік жоғары колледжіне емдеу ісі мамандығына оқуға түскен. Білім ордасында жүріп, тағдыр қосқан болашақ жары Айман Ерболатқызымен танысады. Ол аталған колледжді 2016 жылы бітіреді. Осылайша кәсіби ортада білім алған қос дәрігер 2014 жылы шаңырақ құрады. Медицина саласын тәмамдағанмен, ізденуден талмаған жұп 2015 жылы шығыстық медицинаны кеңінен зерттеп, қарай бастайды.

Фельдшерлікпен тоқталып қалмай шығыс медицинасын да кәсіби түрде оқып алған Мұстафа мен Айман 2013 жылы қала ішінен отбасылық жеке клиника ашады. Ине салу, алтын ине, хиджама арқылы ағзаны тазарту сынды емдік шараларды жүргізетін «Жадыра Таспамбетова» серіктестігі бүгінде шипа іздеген науқастарды шығыстық тәсілмен емдеуде. Мұстафа Тұтқабайұлының айтуынша, клиниканың атауын әжесі Жадыра Таспамбетованың құрметіне қойған.

«Әжем Жадыра Есенәліқызы 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. МТЗ-50 маркалы «Белорусь» тракторымен Ыбырай Жахаевтың егіс даласында көктемде күріш себу, дәрі себу, күзде күріш тасу, қыста малшы ауылдарға жем-шөп тасу жұмыстарына белсене араласқан еңбекқор кісі. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясы әжем мен атамның еңбек жолы туралы «Махаббат тарихы» атты деректі фильм түсірген. Жадыра Таспамбетова жайлы Х.Ерғалиев «Қыз-хисса» поэмасын, М.Айтхожина «Қос ана» поэмасын, М. Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» очеркін жазған. Әжемнің қиындық пен құрметке толы еңбек жолы, тағдырға мойынсұнбаған қайсар мінезі, еткен еңбегі, отбасына төккен мейірімі – ұрпақтарына ғана емес, барша қазақ жастарына үлгі. Ата-әже жолын жалғап, еңбектенуден, адал жүруден танбаймыз», – дейді ол.

2020 жылы клиника жұмысын өркендетіп отырған жарасымды жұп «Көпбалалы ең жас кәсіпкерлер» атанғанын айту керек. Мұстафаның ата-анасы да – еңбекқор жандар. Әкесі Тұтқабай Кейқуатов пен анасы Гүлжанат Манабаева елдің болашағы – саналы, сапалы ұрпақты қалыптастыруда тынымсыз еңбек етіп, «адамдық дәнін» егуді мақсат еткен ұстаздық жолда. 30 жыл бойы дамылсыз бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұстаздар бүгінгі таңда Мұзафар, Мұстафа, Әсия, Иманғали, Айзере есімді балаларынан 9 немере сүйіп, үлгі көрсетіп отырған ата-әже. Мұстафа пен Айман да – олардың ізін жалғаған көпбалалы ата-ана.

Айта кету керек, жас отбасы бүгінгі күні төрт балапанымен бірге сол жағалаудағы жаңа, көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Бұған дейін үйлі болуға ниет еткен екеу «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжат дайындауды қолға алған. Арада ұзақ уақыт өтпей көпқабатты үйден 3 бөлмелі пәтерді иеленуі – жас отбасы үшін ғана емес, түгел әулет үшін жағымды жаңалық еді.

«Сол кездегі қуанышымызды жеткізе алмаймын. Мақсат қойып, оған қол жеткізе білу одан сайын алға, жақсы өмірге ұмтылыс сыйлайды. Жаңа жандармен, өзіміз сияқты жас отбасылармен толыққан жаңа шағын ауданнан үйлі болу бізге серпін сыйлап, жаңа бастамаларға жол ашты. Кез келген мақсатқа қол жеткізуге болады. Бастысы ниет те, әрекет те – өзімізден. Соны ұмытпайық», – дейді бұл туралы 4 баланың әкесі, дәрігер, кәсіпкер Мұстафа Қалтаев.

2020 жылы облыста барлық қаржыландыру көзінен 1 946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген болатын. Ал өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады деп жоспарланған.

Бұл қаланы толыққанды пайдаланып, халықты қажетті тұрғын үймен қамтамасыз етуде үлкен жаңалық болды. Бүгінгі сол жағалау келбеті – инфрақұрылымы дамыған, өзгеріске бейім, заманауи, өмір сүруге қолайлы қала сипатында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!