Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков құтқарушыларға пәтерақы төлеу мәселесіне қатысты жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы тапсырма берді. Соған орай кешенді жоспар құрылып, нақты қадамдар жасалды. Енді еңбекақы көлемі 10-нан 70 пайызға дейінгі аралықта өседі деп жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте, өрт сөндірушілерге қатысты. Нақты келесі жылдың басында жалақы артады деп күтілуде», – деді Марат Күлдіков.
Оның айтуынша, әскерилер мен полицейлерге төленетін пәтерақыны құтқарушыларға да беру мәселесі назардан тыс қалмады.
«Баспанасы жоқ құтқарушыларға ай сайын пәтерақы төлеуді кешенді жоспарда қарастырдық. Бірақ әлі нақты шешілген жоқ. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен кеңесіп жатырмыз. Әлбетте, біз құтқарушыларға пәтерақы беріліп, материалдық жағдайының жақсаруы үшін тиісті жұмыстарды атқарамыз», – деді вице-министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!