Фото: ашық дереккөзден

Қыз алып қашу – дәстүр ме, әлде құқық бұзушылық па? Ұлттық құндылықтардың сабынан қалай орын алған? Бірі мұны ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қарастырып, оны қолдаса, енді бірі заң мен адам құқықтары тұрғысынан бұл әрекеттің заңсыз екенін айтады.

Сонау 1967 жылы таспаланған «Кавказская пленница» фильмінде қызғылт сары түсті қапқа оралған Нина секілді ұрланған тағдырлар арамызда әлі де бар. Бірі жасырады, бірі көніп сонда қалады. Ал алып қашу туралы дінде не айтылған?

− Дінде адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға қатаң түрде тыйым салынған. Кісінің ар-намысын, құқығын таптау күнәлі іс. Қазақта «Қыз мұраты кету» деген керемет сөз бар. Жастар шариғаттың талабымен, некенің шарттарын толық орындап, өмірлік теңімен отау құрса, бұл қуанарлық жайт.

Қыз алып қашу – өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қалыңдыққа құда түсуге шамасы келмеген отбасы өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат алған, − дейді қалалық «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаев.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын оқымаған қазақ кем де кем. Трагедияға толы шығармада Матай руының қызы Еңлік пен Тобықтының жігіті Кебек бір біріне ғашық болып, қыздың атастырылғанына қарамастан елден бірге қашады. Әдет-ғұрыптан аттап, ата дәстүрге бағынбағандары үшін жастарды екі елдің үлкендері өлім жазасына кеседі. Соңында қос ғашық бақилық болады.

Осы оқиғадан байқағанымыздай ата-ананың разылығын алмай, қарсылығына қарамастан алып қашып, үйлену − шариғатқа қайшы. Дінде ата анаға бой ұсыну, олардың разылығын алу парыз. Бұл туралы Қайырбек Отызбаев толық айтып берді.

− Алла Тағала «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті» дейді. Хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) «Алланың разылығы – әке-шешенің разылығында, ал Алланың қаһары – әке-шешенің ашуында» деген. Ендеше ата-анаға бой ұсыну, олардың разылығын табу үйленуден жоғары тұрады.

Қызды еркінен тыс зорлықпен алып қашу шариғатқа қайшы. Некелесіп, отбасын құру аса жауапты қадам, ол – адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекіткен заңдарының бірі. Неке қиюды Алла Тағала Қасиетті Құранда ауыр серт, берік уәде деп атаған. Ол жайлы ӘбуҺұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) «Қыз келісімін бермейінше тұрмысқа шықпайды» деген. Сонымен қоса уәлидің (әкесі, аға- інісі) рұқсатынсыз да неке дұрыс болмайды. Міне, осы нұсқауларға байланысты қызды бір көргеннен қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу некенің шарттарына қайшы келеді. Ал қызды алып қашу – біреудің аманатына қол сұғу.

Ислам әйелдің дәрежесін көтеріп, құқықтарын қорғайды. Әйел сауда-саттық жасауға, білім алып, тәлім беру құқығына ие. Ал қызды алып қашу – оның құқығын, ар-намысын аяқ асты етіп, еркіндігін шектеу. Сондай-ақ ҚР Ата Заңы және ҚР Қылмыстық кодексі бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлау заңмен жазаланып, бас бостандығынан айырылады, − деді имам.

Отбасылық жағдайға байланысты екіжақты келісім арқылы қызды алып қашуға рұқсат алғандар да жоқ емес.

− Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді. Бұл бойжеткенді алып қашуға болады дегенді білдірмейді. Бәлкім, ол екі жақтың өзара келісімі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл көріністің шариғатқа қайшылығы жоқ.

Алайда екі жақ өзара келісіп, қызды алып қашуға жол-жоралғы жасағаннан гөрі, құда түсіп алудың салт-сипатын өзара тиімді етіп жеңілдетуі керек. Негізінде шариғатымыз жеңілдікке құрылған. Алла Құранда былай дейді: «Алла сендерге жеңілдікті қалайды, қиындықты қаламайды» («Бақара» сүресі, 185-аят).

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген халық даналығы бар. Сондықтан, үлкендердің ақ батасын, ата-ана разылығын ала отырып, отау көтеру – шаңыраққа шаттық, отбасыға бақыт әкелмек, − деді имам.

Жоғарыда аталған көріністерден шығатын үкімге келсек, қызды еркінен тыс алып қашу – харам. Әке-шешесінің разылығынсыз алып қашу шариғатқа қайшы. Ал құдалық шараларын атқаруға шамасы келмеген отбасы өзара келісіп, қызды алып қашуына рұқсат етеді.

Діни тұрғыдан алып қашудың мәні мен себебін түсіндік. Сонда шариғатқа қайшы іс қай кезеңде қазақтың дәстүріне айналған? Қоғамда алып қашудың қалыпты жағдайға айналып, дәстүрдің қатарына енуіне дұрыс емес түсінік әсер еткен секілді. Тарихшылардың айтуынша, әр заманның өз дәстүрі, құндылығы бар.

Қыз алып қашудың қай санатқа топтастырылатынын анықтау үшін дәстүр мен құндылықтың өзіне тоқталған абзал. Дәстүртанушы Сәкен Алдашбаев құндылықтарды ұлттың жүріп өткен жолында ұстанған дүниелері, халық ұстанған әдеттер дейді. Оның айтуынша, қыз алып қашу бұл топқа жатпайды. Ұлттық құндылық болу үшін я салтқа, я дәстүрге сүйену керек. Дәстүр заманның, қоғамның, кезеңнің ыңғайына байланысты қалыптасқан, уақыт өте жоғалып немесе ырымға өтетін амал әрекеттер. Салт пен дәстүр екеуі бөлек ұғым. Қыз алып қашу екеуіне де келмейді.

− Ата-баба тарихында мұндай алып қашу болған ғой десек, бағзы замандағы ұлттық құндылыққа тереңінен қарауымыз қажет. Ал ол кезеңде қыз алып қашу әдебі, дәстүрі болмаған. Бүгінде біздің алып қашу дегеніміз қызды жеңгесі арқылы қашыру дегеннен шығып, шатастырылған дүние. Егер қос ғашық атастырылуға жағдайы келмейтін болса, ата-анасының разылығын алып, жеңгесінің үйі арқылы қыз қашырылатын болған. Біз осы түсінікті алып қашумен алмастырып алғанбыз.

Қыз − кез келген дүниенің құнынан жоғары. Қазақ халқы қыз баласын жоғары бағалаған. Оның белгілі мөлшерде бағасы жоқ. Ал қайтарымы, өтемі ата-анасы, аға-інісінің разылығында. Өзіңіз де білесіз, қазақ әдебиетінде түрлі жыр-дастандарда бойжеткенді алып қашып кеткен жағдайлар кездеседі. Бірақ байқасаңыз мұндай шығармалардың нүктесі өте аянышты. Екі жақтың үлкендері, әулеті ризашылық білдірмейді. Яғни бұл ата-бабамыздың қызды алып қашуға рұқсат бермегенін білдіреді. Бұл біздің болмысымызда жоқ. Разы болмаған соң ұрпағы да дұрыс болмайды. Екі елдің арасында дау туындап, соңы соғысқа ұласқан жағдайлар да бар. Егер қазақ мұны дұрыс деп құптаған болса екі жасқа бақыт тілеп, ақ батасын беретін еді, − деді дәстүртанушы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында прогрессивті қоғамның мұраттарына қайшы келетін қыз алып қашу тәжірибесін тоқтату туралы айтқан еді. Ресми емес деректерге сүйенсек, әлемдегі әр бесінші қыз алып қашудың құрбаны болады екен. Бұл туралы заң не дейді?

Қыз алып қашуға байланысты арнайы бап немесе қыз ұрлағандарға жауапкершілік қарастырылмаған. Бірақ ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабында адам ұрлауға қатысты қылмыстық жауапкершілік көрсетілген. Адам ұрлау қылмысы үшін төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

− Алып қашуды бірі батылдық пен махаббаттың символы дейді. Бірі жауыздыққа теңейді. Әрине, бұл сол сәттегі жағдайға байланысты. Әжемнен «көршінің қызын алып қашып кетіпті» дегенді жиі естіп өстім. Соның салдарынан ба, білмеймін, бұл мен үшін қалыпты жағдайға айналды. Өз келісіміңмен, ата анаңның батасын алып қашуды жоспарлау құптарлық іс секілді. Бірақ аяқ асты болғанда қиын екен. Ішкі дүниеңде төңкеріс, психологиялық тұрғыдан әлсіз боласың да қаласың. Сол ортада белгілі бір қысымға тап боласың. Мұны өз басымнан өткенде ғана ұқтым. 18 жасымда 2 рет көрген бейтаныс бала үйіне келін етіп түсірді. Қорқыныштың әсерінен қалып қойдым. Ол кезде заң бойынша жауапқа тартуға болатынын да білмедім. Қазір жасым 30-дан асты, 2 баламыз бар, − деді қала тұрғыны Сабина Ержанқызы.

«Халық айтса да, қалып айтпайды» демекші, қыз алып қашу мен қызды жеңгесі арқылы қашыртудың айырмасын, негізгі мәнін білетін, кейінгілерге айтып жүрген үлкендеріміз бар.

8 баланың анасы, немеренің қызығын көріп, шөберенің қолынан су ішкен Әсия әжеймен сөйлесіп, пікірін біліп қайттық.

− Біздің дәуірде алып қашу болды. Бойжеткеннің қарсылығына, наразылығына қарамай, ақ орамал жауып, апалары көндірген жағдайлар көп. Ол кезеңде шағымдануға, өз құқығын қорғауға біраз қыздың жүрегі дауаламайтын. Танымайтын әулетке келін болып түсіп, бақытты отбасы болып кеткендер де, бірін-бірі түсіне алмай, тағдырлары екіге бөлінгендер де бар.

Бұл жерде қыз немесе ер бала деп емес, жалпы адам, тұлға ретінде қарасақ, рұқсатсыз алып қашу, ұрлау жабайылық демей енді не? «Бұл ата-бабадан келе жатқан қазақы дәстүр» дейтіндер болған, әлі де бар. Міне қате түсінік, жастардың санасына жат ұғым осыдан келеді. Қызды алып қашқанның өзінде алдымен арудың өзі келісіп, ал әулеттің үлкендері батасын беріп, екі ауыл келісіп, ортақ шешімге келген. Осыны жастар түсініп, ажырата білсе екен деймін, − деді 80 жастағы Әсия әже.

Апаның «біздің дәуір» дегені КСРО-ның уақыты. Сәкен Алдашбаев та Кеңес үкіметі заманында қызды қашыру амалының өзгеріске ұшырағанын айтқан еді.

− КСРО кезеңінде қызды қашыру амалын жабайы түрде қыз алып қашу деген үрдіске айналдырып жіберген. Ал үрдіс ешқандай қағидаты жоқ нәрсе. Қазір оны «ұлттық құндылымызда бар еді, дәстүрде бар еді» десе қатты қателеседі. Бұл ұлттың болмысына күйе жаққанмен тең. Себебі қазақ ондай деңгейде жабайылық жасамаған, − деді.

Бастапқыда бұл үрдіс белгілі бір қажеттіліктерге байланысты қалыптасқан болса, қазір қоғамның дамуы мен адам құқықтарының нығаюының нәтижесінде оның заңсыз әрі адам құқығына қайшы екені айқындалды. Ислам діні мен заң тұрғысынан да қыз алып қашудың жат екені анық көрсетілген.

Мәселені қорытындылай келе, Қызылорда облысы полиция департаменті баспасөз хатшысының мәліметіне сәйкес, өңірде қыз алып қашу ісі бойынша 5 жыл аралығында ешқандай факті тіркелмеген. Дегенмен бұл қоғамда қыз алып қашудың мүлде орын алмайды деген сөз емес. Себебі жабулы қазан сипатында қалған жағдайлар қаншама… Қоғамның байлығы − адам екенін естен шығармайық!

Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!