Фото: видеодан скриншот

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин қыз алып қашуға заңмен тосқауыл қоюды ұсынды. Бұл ұсынысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та құптап, алдағы отырыста осы мәселе қаралатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарау барысында депутат Мұрат Әбенов қыз алып қашу дәстүрін ән арқылы насихаттап жүрген өнер иелерін сынады.

«Мысалы, белгілі әншілер қазір сахнада осылай ән айтып жүр. Оны теледидардан да көрсетеді. «Алып қашам, мейлі олай қалама, келін қылам сені қалай да анама», – деп шырқап жүр. Екінші әнші айтады: «Көресің, менің үйіме барасың! Басыңа аппақ орамал тағасың, көндірем, көнесің! Қыз болып келесің, келін болып қаласың», – дейді. Осындай мәжбүрлеуді теледидар арқылы насихаттап жүрміз», – дейді Әбенов.

Ол мұндай контентке заңмен тыйым салу керек деп есептейді.

Депутат көктемде өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қыз алып қашуды ұлттық дәстүрге санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндерді сынағанын еске салды.

«Президент көктемде осындай тапсырма берді, бірақ әлі күнге дейін ешқандай жұмыс атқарылған жоқ. Бұл тек Парламенттің, Ішкі істер министрлігінің жұмысы емес қой. Мәдениет министрлігі неге қарамайды? Сол себепті, менің ойымша, біз бұған заң бойынша қатаң шектеу қоюымыз керек. Жылдан жылға қыз алып қашу оқиғалары көбейіп барады. Мәселен, былтыр 13 факті сотқа берілсе, биыл тек қана Түркістан облысында сегіз айдың ішінде 18 қыз алып қашу жағдайы тіркелген», – дейді Әбенов.

Әбеновтің ойынша, Үкімет қыз алып қашу мәселесіне өзекті проблема ретінде қарамай отыр. Оған дәлел – депутаттың тиісті ұсынысына барлық мемлекеттік орган қарсы шыққан.

«Мен қыз алып қашуға қатысты бөлек бап енгізейік деп тағы да ұсыныс беріп отырмын», – деді мәжілісмен.

Әбеновтің ұсынысын әріптесі Еділ Жаңбыршин де қолдады.

«Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Қыз алып қашу – қазір етек алып кеткен жағдай. Себебі, ХХІ ғасырда әке-шешесімен келіспей, сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алып кетеді. Ол тауар емес, зат емес, ол адам ғой. Бұл жағдай оның бүкіл өміріне, тағдырына әсер етеді. Басқа ұлттың біреуі мұндай жасамайды. Жасап жүрген өзіміз. Еуропада, Ресейде қыз ұрлайды деп естідіңіз бе? Менің үш қызым бар. Алдымыздан өтіп, құда түсіп алғанын бәріміз де жақсы көреміз. Ал мынау – қоғамдағы үлкен дерт. Үлкен мәселе. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек», – деп мәлімдеді депутат.

Жаңбыршин қыз алып қашуға заңмен тосқауыл қоюға қарсы шығып жүрген мемлекеттік органдарды түсінбейтінін айтты.

«Біз қызды алып қашуға болмайтынын балабақшадан бастап балалардың миына сіңіруіміз керек. Қыз болашақ ана ғой. Егер біз болашақ ананы қорғамасақ, онда мемлекеттің болашағы жоқ деген сөз. Бұл – күлетін нәрсе емес, мемлекеттің қауіпсіздігі. Сол қыздарды, аналарымызды қорғағаннан кейін біз қазақ болып отырмыз. Мемлекет болып қалыптастық. Қазақ жігіттеріне ойланатын уақыт келді. Қыздарды қорғаңдар, қорламаңдар. Білім министрлігі, Мәдениет министрлігі осы жағынан дұрыс жұмыс істеуі керек», – деді Жаңбыршин.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қыз алып қашу мәселесі алдағы отырыста жеке талқыланатынын айтты.

«Біздің депутаттар шынында өте өзекті мәселе көтеріп отыр. Бұл – қоғамдағы айғайлап тұрған проблема. Бұл туралы президенттің де тиісті тапсырмасы бар. Өкінішке қарай, ол әлі аяғына жеткізілген жоқ. Бұл мәселе бүгінгі заңның аясына келмейді, бірақ алдымызда Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті қарайтын заң жобалары келе жатыр. Сол заң жобасының аясында қарау керек деп ойлаймын. Депутаттар өз ұсыныстарыңызды беріңіздер. Бұл мәселеге моралдық қана емес, заңдық тұрғыдан да баға берілуге тиіс», – деп мәлімдеді Қошанов.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!