Қызылорда қаласының даму деңгейі жылдан жылға жақсарып, құрылыс саласы қарқын алғанын кез келген тұрғын байқай алады. Шаһардан шығармашылық еңбек пен инфрақұрылымдағы дамуды да аңғара аласыз.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов қалада жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Жыл басында қала бюджеті 58,2 млрд теңгемен бекітілген. Президенттің, Үкіметтің қолдауы және облыс әкімінің үйлестіруімен бүгінде оның көлемі 107,1 млрд теңгеге жеткен.
Шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы қала кірісінің өсуіне оң әсерін беруде.
Қазір салық базасын ұлғайту мақсатында бірнеше бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала бюджетінің өз кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға ұлғайған. Бүгінде түсім 30 млрд теңгені құраса, жыл аяғына дейін 40 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Қалада құрылыс қарқын алып, баспана мәселесі шешімін тауып келеді. Қазіргі уақытта 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 58 тұрғын үйі бюджет есебінен, ал 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынды.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін 7 қабатты 840 пәтерлі 10 үйдің жоба-сметалық құжаттары және сараптама қорытындысын алу күтілуде. Қалада жыл басынан бері 763 пәтер табысталып, 2 500 тұрғын баспаналы болды. Жыл аяғына дейін 1685 пәтер пайдалануға беріледі.
Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту саласында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 97 көшеге жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Қала әкімі тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін қала кіре берістерінің жолдары мен келбетіне аса мән берілгенін атап өтті.
Ол үшін әуежай мен Шиеліден кіреберіс жолдарына кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Ал Астанадан кіреберіс Сағымбаев көшесін қайта жаңғыртуүшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде.
Қаланың магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы (С.Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейін) кеңейтілуде.
Қала әкімі газдандыру мен электр желілерін жаңғырту жұмыстарына да тоқталды.
Биыл Ақжарма елді мекенін, Сабалақ саяжайын және қалада қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекенін көгілдір отынмен қамту қолға алынады.
Электр энергиясымен қамту бағытында құны 4,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 64-тен 62 пайызға төмендейді.
Қала әкімі тұрғын үй және ойын алаңдарын абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.
Биыл 23 тұрғын үйдің аулаішілік жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қала аумағында 250-ге жуық балалар ойын алаңы орнатылған. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес 25 көпқабатты тұрғын үй ауласындағы балалардың ойын алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, қала аумағындағы 13 үйдің шатыры қалпына келтірілуде.
Шаһар басшысы қаланың көркін арттырып, тұрғындардың демалуына мүмкіндік беретін қоғамдық орындарды көбейту мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!