Балалар жылына орай аймақтың мектептерінде педагог-ассистенттердің саны көбеюде. Ол үшін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистенттердің жаңа штаты енгізіліп, олардың саны 56-дан 86-ға көбейді.
Сондай-ақ, мемлекеттік бала бақшаларда жұмыс жасайтын педагог-асисстенттердің саны 37-ге дейін өсті. Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ел мектептерінде педагог-ассистент лауазымы енгізілген болатын. Ең алдымен, мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көбірек көңіл бөлуді талап ететін инклюзивті оқытуда сұранысқа ие. Педагогтер олардың мектепке және оқу үрдісіне бейімделуіне көмектеседі.
«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына қажетті жағдай жасау басқарманың басты назарында. Осыған дейін министр Асхат Аймағамбетов педагог-асисстенттердің штатын енгізуді және көбейтуді тапсырған болатын. Осы орайда облыс бойынша енді 123 педагог-ассистент ерекше балалар оқитын мектептерде жұмыс істеп жатыр. Бұл мамандар балаларға бағыт беріп, оқу үрдісіне бейімделуге көмектеседі. Сонымен қатар бала өздігінен қозғала алмаса, дефектологтың көмегі қажет болса олар педагогикалық қолдау көрсетеді», – деді облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Ақжігіт.Сонымен қатар педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламалары оқушылардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер өткен материалды меңгеруге көмектесіп қана қоймай, ерекше баланың дағдыларының даму деңгейін де бақылайды.
Сондай-ақ, олар ерекше білім алуды қажет ететін балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша 295 мектептің 255-де ерекше білім алуды қажет ететін балалар білім алуда. Оларға 288 арнайы мамандар және 9072 арнайы курстан өткен мұғалімдер сабақ береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!