Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы таныстырылды.Облыстық бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімімен Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы тағайындалды.Облыс әкімі басқарма басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
«Болатбек Әбдулхайысұлы – түрлі басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған, мемлекеттік қызметте шыңдалған маман. Жаңа басшы тізгінін ұстаған күрмеуі қиын салада Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы керек. Алда жылу беру маусымы, биыл жүйелерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлінді. Қазір қалада 9 шақырым жылу жүйелері ауыстырылуда. Ендігі кезекте осы бөлінген қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз, басталған жобаларды мерзімінде тапсыруымыз керек», – деді облыс әкімі.Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, басқарма басшысын жаңа қызметімен құттықтады.Болатбек Әбдулхайысұлы 1964 жылы дүниеге келген. Алматы энергетика институтын «Электрмен жабдықтау», Қарағанды экономикалық университетін «Қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.Еңбек жолын 1981 жылы Шиелі ауданындағы «Гигант» колхозының механизаторы болып бастаған. 1984-1997 жылдары жеке секторда түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.1997-2012 жылдары «Қазпошта» акционерлік қоғамы Шиелі аудандық пошта байланыс торабының бастығы лауазымында еңбек еткен. 2012-2022 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі, аудандық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған. 2022 жылдан бастап осы кезге дейін Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!