«Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды ресми қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Вьетнамның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді.
То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Хынг Йен провинциясы Халық Комитетінің төрағасы Чан Куок Ван арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумда теңдік және өзара тиімділік негізінде сауданы ілгерілету, инвестиция тарту және бірлескен кәсіпорындар құру көрсетілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және цифраландыру салаларында әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Тараптар жоғару оқу орындары, зерттеу институттары және білім беру ұйымдары арасында ғылыми-тәжірибелік кооперацияны дамытуға мүдделі.
Бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу, туризм, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салалар бойынша тәжірибе алмасу да қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!