Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды. Қызылорда облысы осы жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша республикада көш бастады. Аймақ басшысы жұмысқа әлі де қарқын қосуды тапсырып, алдағы міндеттерді айқындады.

«2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім қалыптасты. Аудандар мен Қызылорда қаласында макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген. Өңдеу өнеркәсібінде біздің өңір көшбасшы. Құрылыс саласында да барлық өңірлердің алдында тұрмыз. Осы көрсеткішті сақтап тұру бойынша жұмыстар атқарылуы тиіс. Тиісті орталық мемлекеттік органдармен жедел жұмыс жасап, жоспарлы параметрлердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бұл жұмыстан тыс қалмаңыздар. Жыл соңына дейін барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізу керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі бюджеттің игерілуіне қатысты да нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!