Өткеніне үңілсең ғасырлардан сыр тартатын, бүгінін бағамдасаң келешегінің кемелдігін аңғартатын Қызылорда Алаштың анасы ғана емес, айбары да болып үлгерді. Биыл Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толып отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын Қазақ мемлекетінің астанасына мұндай атау беруді кім ұсынды? Бұл идея қайдан туды? Жалпы Қызылорда атауы нені білдіреді? Қызылорданың 100 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында осы дүниелерді сөз еткенді жөн санадық.

ПАРАСАТ ҺӘМ ЛАЙЫҚТЫ ШЕШІМ

Тарихқа көз жүгіртсек, 1925-1929 жылдары Қызылорданың ел астанасы болғаны айтылады. Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын.

Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өтіпті. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Г.Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды» деп жазады. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды.

Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі – 1923 жылы жазылған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы.

Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады. Қалай десек те бұл парасатты тұлғалардың лайықты шешімі екенін ұмытпау керек. Дәл осы тарихи оқиғаға биыл 100 жыл толды. Демек, сүйікті қаламыздың Қызылорда атанғанына да 100 жыл болды деген сөз.

Қызылорда атауы және Алтынорда пайымы

Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры, елге белгілі тілтанушы маман Аман Абасиловтың облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретініне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» – деген пайым жасайды.

Тақырыпқа тұздық үшін «Ақмешіт жастары» газетіне шыққан филолог ғалым Марлен Әділов: «Қыздың көзі қызылда» дегендегі «Қызыл» сөзінде басқа бір мән жатқандай, зерделей келе мұның «алтын» мағынасындағы сөз екенін байқадық. Сөзімізге бірнеше дәлел келтіруге болады. Бірінші, тілдік деректер: «Алтын» мағынасындағы «қызыл» сөзі орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде көрінген. Мысалы, Хорезм дәуірі (XIII-XV ғғ.) ескерткіші Нехжүл Ферадис жазбасында «алтын» мағынасында қызыл-алтын қос сөзі қолданылған. Шағатай жазба ескерткіштерінен Шайбани хан сөздігінде «қып-қызыл алтун» тіркесі бар; Қорқыт ата кітабында қызыл сөзі «алтын» мәнінде жұмсалған. Қазіргі түркі тілдерінен анадолы диалектілерінде «kızıl» және әзербайжан тілінде «gızıl» сөздері «алтын» мәнінде сақталған; түркмен тілінде ғызыл тұлғасы актив түрде қолданылады, тіпті біздің «Алтын көрсе періште жолдан таяр» мақалымыз бұл тілде «Ғызыл гөрсе, қызыр йолдан азар» болып жұмсалуда; қарайым тілінде қызыл сөзі «алтын ақша» мәніне ие; якут тілінде қыһыл көмүс тіркесі болса, «алтын» мағынасында», – деп пікір білдірген екен.

Осының өзі-ақ «қызыл» сөзінің алтын мағысында қолданылғанын, Қызылорданың түпкі мағынасы Алтынорда екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?! Біздің пайым – осы. Қызылорда атты қаланың атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Бүгінде Сыр өңірінің бас қаласы, жүрегі, аймақ аудандарына үлгі етер шаһары болып отыр. Республика көлемінде де Қызылорданың ойып тұрып алар өзіндік орны бар.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!