Бүгін Құрылысшылар күніне орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында Инновациялық- шығармашылық орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры Серік Қожаниязов, зиялы қауым өкілдері мен сала басшылары қатысты.
Аймақ басшысы құрылысшылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі жобалар мен жаңа орталықта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
«Сыр елі Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші бойынша республикада үздіктер қатарындамыз. Құрылысы қарқынды елдің экономикасы қай уақытта да қуатты. Аймағымыздың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін саланы дамытуда құрылысшылардың үлесі орасан зор.
Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетіп, 101,4 пайызға өсті. Оның ішінде, құрылыс саласына мемлекеттік бюджет есебінен 133 млрд. 400 млн. теңге қаржы бөлінді. Қаржыландыру көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе артты. Облыста 187 нысан бой көтеруде.
Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында, қаржыландырудың барлық көзінен 869 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Осылайша, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бері қаламызда 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін Шығармашылық- инновациялық орталығының іргетасын қалаймыз. Орталықта балаларға спорттық сауықтырудан бөлек, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану, гуманитарлық бағытта қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, футбол, баскетбол, волейбол, воркаут алаңдары, бассейн, соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттер қарастырылған.
Мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріміз және өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі бастамаларымыз табысты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімінде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Бақберген Досманбетов тұрғындарды құттықтап, ізгі тілек білдірді.
Айта кету керек, орталықты «Bi Global» ЖШС салуда. Бас жобалаушы – «TEHNIKALIQ BAQILAU» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Алатау Сапа Құрылыс» ЖШС. Жаңа нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!