Қызылорда қаласында жеке компания аумағында өртенген ескі дөңгелектер үш сағат ішінде толықтай сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
13 маусым күні сағат 11.12-де Қаратоғай көшесі, 43 мекенжайдағы ескі шиналарды кәдеге жарататын «Smart rubber» ЖШС аумағында өрт болды. 800 шаршы метр аумақта автокөлік дөңгелектерінің ескі шиналары жанды. Жалынның таралуына жол берілген жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Өрттің беті сағат 13.15-те қайтарылып, 14.47-де толық сөндірілді. Өрттің жайылуына мүмкіндік берілген жоқ. Оқиға орнында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 45 адам 9 техникамен жұмыс атқарды. Сондай-ақ, Апаттар медицинасы орталығы филиалынан 4 адам 1 техникамен келді», – деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов.
Еске салсақ, 12 маусымда Қызылорда қаласында 6 гектар аумақтағы шөп өртенді. Жергілікті өрт сөндірушілердің жедел әрекет нәтижесінде өрт сағат 17.25-те оқшауланып, сағат 18.10-да толығымен сөндірілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!