Қазақстан футбол федерациясының «ALAÑ» жобасы аясында бүгін Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы толығымен жаңартылып, ел игілігіне табысталды.
Алаңның ашылу салтанатына Қазақстан Футбол Федерациясының Президенті Әділет Барменқұлов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, құраманың капитаны, Сыр мақтанышы Асхат Тағыберген, жобаның амбассадоры Самат Смақов және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлы сөз сөйлеп, Сыр спортындағы жетістіктерге тоқталып өтті.
-Бүгінде аймақ басшысының тікелей бастамасымен спорт саласын серпінді дамытуға айтарлықтай басымдық берілуде. Атап айтқанда, биыл аймағымызда 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілсе, соның ішінде 9-ы ел игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жақында халықтың сұранысына сәйкес қаланың сол жағалауында заманауи үлгіде салынған “Үстел теннисі” орталығы ашылып, спорт сүйер қауымның игілігіне табысталды. Сонымен қатар, облыс орталығында 10 мың орындық жаңа стадионның құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл өз кезегінде Сыр спортшыларын қолдауға бағытталған бастама. Бүгін ашылған жаңа алаң жас футболшылардың ел намысын қорғауға және жоғары деңгейде жаттығуына үлкен мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді Жігер Айекешов.
Салтанатты шарада Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Назарбайұлы жаңартылған алаң жоғары деңгейдегі италияндық маркамен жасақталғанын жеткізіп, алаң республикалық, облыстық, қалалық жарыстарды өткізуге толықтай мүмкіндігі бар екенін айтты.
Жиын барысында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов пен белгілі футболшы Самат Смақов балғын футболшыларға ашық жаттығу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жоба аясында балаларға арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Шараның соңы аладоптағы танымал тұлғалар Станислав Черчесов, Самат Смақов және Асхат Тағыберген қатысушыларға қолтаңба беру сессиясымен түйінделді.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!