Қала күні қарсаңында Қызылордада қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не 52 жаңа электромобиль, яғни экотакси көлігі және денсаулық сақтау мекемелеріне 74 санитарлық автокөлік табысталды, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын заманауи техникалардың іске қосылуымен құттықтады.
«Соңғы екі жылда біз барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық бердік. Ең алдымен облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін 300 жаңа автобус алынды. Олар бүгінгі күні халыққа қызмет етуде. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарының барлығына 200 санитарлық автокөлік алынды. Оның 126-сы қолданыста, қалған 74-ін бүгін табыстаймыз. Осылайша өңір тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігі арта түседі, яғни аймақтағы елді мекендер түгелдей санитарлық автокөлікпен қамтылады. Қаладағы қоғамдық көлік мәселесі шешілген соң, тұрғындарға бағасы мен қызметі қолайлы болатын такси қызметін де жолға қоюды ойластырдық. Биыл 1 млрд. 100 млн. теңгеге 100 электромобиль алынуда. Алғашқы 52-сі экотакси қызметін атқарады. Бұл бастама халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, такси қызметіне тиімді баға қалыптастыруға зор септігін тигізеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов жерлестерін құттықтап, ізгі тілек білдірді.
Жаңа автокөліктер әуежай, теміржол вокзалы, жаңа автовокзал аумағында жолаушыларға қызмет көрсететін болады.
Өткен аптада жылу-электр орталығына 9 жаңа заманауи арнайы техника кілті табысталды. «Қызылорда су жүйесі», «Жасыл Қызылорда», «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне 52 автокөлік берілді. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына қажетті, заманауи үлгідегі 48 арнайы техника сыйға тартылды. Барлық автокөлік халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес жан-жақты тексеруден өткізілген, арнайы сұраныспен жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделіп дайындалған.
Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 арнайы техника, ветеринария саласына 59, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды.
Коммуналдық салаға да жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Қызылорда тазалығы», КРЭК, «Қызылорда су жүйесі» мекемелеріне бұған дейін де 42 арнайы техника табысталып, қазір тұрғындар игілігіне қызмет етуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!