Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Қызылорда облысындағы қорытынды кезеңі 26 қараша күні Demo Day форматында өтті. Astana Hub ұйымдастыруымен өткізілген бұл бағдарлама Қазақстанның 16 өңірін қамтып, стартаптарды дамытудың ең ауқымды бастамаларының бірі болды. Қызылорда облысы бойынша бағдарламаға 67 өтінім түсіп, оның ішінен 15 қатысушы барлық модульдерді толық аяқтап, Demo Day сахнасына шықты. Astana Hub-тың өңірлік филиалы ретінде Kyzylorda Hub командаларға менторлық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау көрсетті.

Инкубациялық бағдарлама 8 аптаға созылды. Қатысушылар жоба құрудың толық циклін – гипотеза тексеру, нарықты зерттеу, өнім жасау, маркетинг және монетизация стратегиясын әзірлеуді тәжірибеде игерді. Сабақтар Astana Hub резиденттері, сериялық кәсіпкерлер, инвесторлар және ІТ-индустрия өкілдерінің шеберлік сабақтарымен толықты.

Demo Day аясында қатысушылар өз MVP-нұсқаларын, алғашқы метрикаларын және даму жоспарын сарапшылар алқасына таныстырды. Эксперттер қатарында жергілікті ІТ кәсіпкерлері, әзірлеушілер және маркетолог мамандары болды. Олар әр жоба бойынша нақты кері байланыс беріп, болашақта қай бағытта дамуы қажет екенін көрсетті.

Финалға шыққан стартаптардың ішінде туризмге арналған AI шешімдер, EdTech платформалар, денсаулық сақтау сервис­тері, логистика және lifestyle бағытындағы мобильді қосымшалар ерекше көзге түсті. Мысалы, Александр Лидің Atlas жобасы – туристерге арналған жасанды интеллект көмекшісі;
 Әсем Беріктің BuildMarket Online платформасы құрылыс материалдарын онлайн сатып алуды жеңілдетуге бағытталған;
 ал Нұрсайыд Әмировтың UP BALL жобасы – ҰБТ-ға геймификация арқылы дайындалуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша.
          Сонымен қатар, кәсіби даму, жол жүру сервисі, менторлық және білім беру бағытындағы мобильді платформалар қоғамның нақты мәселелеріне арналған шешімдерімен ерекшеленді.

Қатысушылардың көпшілігі бағдарлама өздерінің кәсіпкерлік ойлауын түбегейлі өзгерткенін айтты. Инкубация барысында кейбір жобалар алғашқы пайдаланушыларын тартып, нарыққа шығу стратегиясын қалыптастырып үлгерген. Demo Day – жас кәсіпкерлер үшін өз жобаларындағы әлсіз тұстарды анықтап, әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік берген кәсіби алаң болды.

Startup Orda биыл алғаш рет өңірлік қатысушыларды кең көлемде қамтып, аймақтардағы таланттардың әлеуетін көрсеткен маңызды бағдарлама болды. Өңірлік команданың нәтижесі – жергілікті жастардың технологиялық кәсіпкерлікке деген қызығушылығы жоғары екенін және өңірде ІТ-жобаларды дамытуға дайын орта қалыптасып келе жатқанын айқын дәлелдеді.

Kyzylorda Hub алдағы уақытта да жергілікті стартаптарға қолдау көрсетіп, аймақтың инновациялық экожүйесін кеңейтуді жоспарлауда. Инкубациядан өткен жобалардың бір бөлігі енді акселерациялық бағдарламаларға өтуді, алғашқы инвестиция тартуды және өз өнімдерін нарыққа шығаруды мақсат етіп отыр.

Kyzylorda Hub

бизнес-инкубаторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!