Үкімет мәжілісінен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиналыста күн тәртібінен тыс орындаушылық тәртіп мәселесі де қаралды.Облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов баяндағандай, бұған дейінгі мәжілістерде берілген тапсырмалар арнайы ақпараттық жүйеге енгізіліп, күнделікті мониторинг жүргізілуде. Мониторинг нәтижесіне қарағанда, тапсырмалардың 784-і, яғни 54,2%-ы орындалған, 230-ның немесе 15,9%-ның әлі мерзімі бар, 131-і уақытынан кеш орындалған, 131-і ішінара және 170-і мерзімінде орындалмаған.

Орындалмаған тапсырмалардың 71 пайызы 5 мемлекеттік мекемеге тиесілі, олар – Қызылорда қаласының әкімдігі 51 тапсырма (30%), Қазалы ауданының әкімдігі 12 (7%), құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 24 (14%), энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 17 (10%), ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы 17 тапсырма (10%). Қала және аудан әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік шара көрілгенімен, нәтиже шығармағаны ескертілді. Аймақ басшысы жүктелген міндеттерге салғырттық танытқан лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолдануды талап етті. Атап айтқанда, орындалмаған тапсырмаларының саны басым Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданы әкімдеріне «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылды. Өткен «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясын қаладағы «Арай-2», «Сырдария», «Бәйтерек-Шұғыла» шағын аудандары жеңіп алғаны белгілі. Аталған шағын аудандарда сквер, спорттық ойын алаңдары салынуы, көше жарықтандырылуы қажет болатын. Алайда, Қызылорда қаласы әкімдігі жоба-сметалық құжаттарын әзірлемеген, бюджеттік өтінім ұсынбаған. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, түйткілді мәселелері көп облыс орталығын абаттандыруға ынта танытпаған, тиісті жұмыстарды қолға алмаған қала әкімінің жауапкершілігіне қатаң сын айтылды.

Қала әкімдігі «Қызылорда-Жезқазған» автожолының «Құмкөл» кен орнынан Қызылорда қаласына дейінгі кіреберіс бөлігін салу жобасын уақытылы әзірлемегендіктен, жол құрылысына тартылатын жобамен 4 млрд. теңге қаражат келмей қалуы мүмкін. «Бұл жоба жайында «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Ерұлан Жүнісов 3 ай бұрын айтты. Жұмысты реттемегені, тапсырманы орындамағаны, тиісті жобаны әзірлемегені үшін қала әкімі Асылбек Шәменовке қатысты тәртіптік жаза қолданылсын. Он күнде дайын болатын жобаны үш ай бойы созбалаңға салуды қалай түсінуге болады? Бұдан бұрын тапсырмаларды мерзімінде орындамағаныңыз үшін «қатаң сөгіс» алдыңыз, әрі қарай «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылады. Кешегі «Үлгілі елді мекен» конкурсына қала әкімдігі бір де бір жоба ұсынбадыңыздар. Конкурсқа қатысқан жоқсыздар. Қызылорданы тазалық пен көгалдандыру, абаттандыру шараларынан сырт қалдырып, сквер, балалар және спорт ойын алаңдарын салу, көше, аулаларды жарықтандыру сынды жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін тиімді пайдаланбадыңыз. Әйтпесе Қызылордада абаттандыруды қажет ететін аулалар, шағын аудандар жеткілікті емес пе? Мұндай жағдайда немқұрайлылық танытып, әрекетсіз қалуыңызды түсіну қиын. Онсыз да жұмысыңыздың басым бөлігін біз атқарудамыз» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тағы бір кемшілік, облыс әкімдігі «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-мен теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасына 577 млн. теңге тартты, істі үйлестірді, бірақ жұмыс мерзімінен кешігуде. Ал, Талсуат кентіндегі клуб өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс болса да, әлі күнге дейін табысталмаған. «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы қатынайтын көпірді 14 қыркүйекте тұрғындар игілігіне беру керек болатын. Бұл жұмыстың да 95 пайызы ғана біткен.«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжарма ауылдық округіндегі көшелерді жөндеуге бөлінген қаржы жарым-жартылай игерілген, тіпті бір көшеге бөлінген ақша мүлдем игерілмеген. «Ауыл – ел бесігі» аясында биыл облыстың 47 елді мекенінде 12,2 млрд. теңгенің 216 жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге қаржының игерілуі 80,6 пайыз, республикалық бюджеттен қаржыландырылған 63 жобаның 36-сы іске қосылып, бөлінген қаржының 77,4 пайызы игерілген. Қазалы ауданында да «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Әйтеке би кентіндегі көшеге жүргізілетін орташа жөндеу жұмысы, кенттегі 250 орындық мектеп пен аудан орталығындағы 600 орындық мәдениет үйінің құрылыстары тұралап қалған. Сондықтан 12 хаттамалық тапсырманы уақытылы орындамаған, әрі бұрын «қатаң сөгіс» алған Қазалы ауданының әкіміне «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілді. Басқа аудан әкімдерінің жұмысына жан-жақты талдау жасалып, жауапкершілігі қаралады. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламаларды жүзеге асыру қарқынын төмендеткен, кемшіліктердің алдын алмаған басшыларға тәртіптік шара көріледі.

Үкімет мәжілісінен кейін облыс әкімінің төрағалығымен өтетін жиналысқа күн тәртібіне сәйкес қажетті мекеме басшыларын қатыстырмағаны үшін Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған аудандарының әкімдеріне «сөгіс», тапсырмаларды мерзімінде орындамағаны үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына «сөгіс», құрылыс, сәулет және қала құрылысы, ауылшаруашылығы басқарма басшыларына «қатаң сөгіс» тәртіптік жазасы қолданылды.Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетке жетекшілік ететін салаларында көптеген кемшілік анықталғаны ескертіліп, бақылауды күшейту міндеттелді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!