Қызылорда облысында ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған 807 автокөліктегі 1000-ға тарта жолаушыға көмек көрсетілді, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Ақтөбе облысының аумағында қатты боран болып тұр. Осыған байланысты республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолының 1240-1357 шақырымы аралығы жабылған. Бұл Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі аралықты қамтиды. 

«Осыған орай жол патрульдік полицияның 6 инспекторы 3 автокөлікпен Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта күре жол бойында уақытпен санаспай жұмыс жасап жатыр. Сол аумақта Ақтөбе облысына бағыт алған барлығы 807 автомобиль бар. (Олардың 584-і жүк, 13-і жолаушылар, 210-і жеңіл көлік. Бұл көліктерде 1000-ға тарт жолаушы бар екені анықталды», – деп мәлім етті Арал ауданы әкімдігінен.

Жолдың жабық болуына байланысты аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылды. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлер, білім саласы қызметкерлері тарапынан жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылуда. 

«Әйелдер мен балалар аудан орталығындағы Арал индустриалды-техникалық колледжінің жатақханасына орналастырылды. Екі мезгіл медицина қызметкерлері жолаушыларды аралап денсаулығына байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Жолаушыларға арналған жол бойы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында», – деп толықтырды аудан әкімдігі.

Еске салсақ, бұдан бұрын бұрқасын, көктайғақ болуына байланысты Қызылорда облысында көлік қозғалысы шектелді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!