фото: gov.kz

Қызылордадағы қуаттылығы 240 МВт және жылу энергиясын өндіру көлемі 277 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғысында (БГҚ) іске қосу-реттеу жұмыстарының белсенді кезеңі жүріп жатыр. Түркиялық Aksa Energy компаниясының тікелей жеке инвестициялары есебінен іске асырылып жатқан жоба аймақтың электр және жылу энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қазіргі уақытта екі газ турбиналы қондырғы тәулік бойы жұмыс істеп, біртұтас энергия жүйесіне 170 МВт қуат беріп отыр және еліміздің оңтүстік аймағы үшін қосымша генерацияны қамтамасыз етуде.

Жақын арада тағы бір бу турбинасын пайдалануға беру жоспарланған, бұл стансаны жобалық көрсеткіштерге шығаруға мүмкіндік береді.

Қызылорда БГҚ-сын іске асыру – Энергетика министрлігінің Қазақстанның энергетикалық негізін жаңарту жөніндегі ауқымды жоспарының бір бөлігі. Биыл республикада дәстүрлі және жаңартылатын энергияның рекордтық 2,64 ГВт қуатын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жылдық жоспарға төрт бу-газ қондырғысын, екі жел және төрт күн электр стансасын іске қосу, сондай-ақ екі нысанның қуаттылығын кеңейту жұмыстары енгізілген.

Жаңа энергия нысандары жылына шамамен 16 млрд кВт*сағ электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл шаралар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі энергия тапшылығын толық жоюға, ал 2029 жылға қарай қуаттардың тұрақты профицитін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!