Қызылорда облысында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нысандар бой көтеруде. Мәселен, жуырда «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы ашылды. Ал жыл басында халық игілігіне табысталған заманауи үлгідегі автовокзал бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Сонымен қатар жылу электр орталығының да құрылысы жүріп жатыр.

Аймақтағы бастамаларды таныстыру мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының өңірлік коммуникация қызметі республикалық және облыстық БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын ұйымдастырды.

МӘДЕНИ-РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ДӘРІПТЕЙТІН АЛАҢДАР

Алғашқы нысан – шығармашылық пен мәдениеттің тоғысқан мекені «Өнер орталығы». Бұл заманауи кешен қала тұрғындары мен өнерсүйер қауым үшін маңызды нысанға айналғанын қуана айтамыз. Себебі түрлі мәдени іс-шаралар, жиындар мен рухани кездесулер ұйымдастырылып, ғимарат сәнді архитектурасымен де көздің жауын алады.

«Өнер орталығы» биыл наурыз айында пайдалануға берілді. 1000 келушіге арналған орталықтың құны 3,7 миллиардты құрады. Мұнда 9 өнер ұжымы орналасқан. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, Симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі, «Тұран» триосы, «Айару» замануи би ансамблі, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы жұмыс істейді.

Кездесу барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашов пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов БАҚ өкілдерін күтіп алып, орталықтың жұмысымен таныстырды.

Қызылорданың жаңа келбеті

– Сыр өңірінің мәдениет пен өнер саласында жағымды жаңалықтар бар. Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар мен камералық оркестр жұмыс істеді. Ал бүгінде көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды.

Облыстың мәдениет мекемелерінің мамандары Италия, Белорусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибелері енгізіледі. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналады. Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылды. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Биыл балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтерді. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдап, өнерін насихаттауға арналған «Инклюзивті театр» құрылды. Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде. Қызылорда облысы қашан да руханият, мәдениет саласына айрықша назар ау- дарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл тұрғыда өңірдегі руханиятты дамытуда мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың ықпалы зор, – деді Мира Жомартқызы.

Бүгінде облыс бойынша 412 мәдениет, өнер және архив мекемесі жұмыс істейді. Соңғы үш жылда аймақта жаңа 21 нысан салуға қаражат бөлініп, 10 мәдени нысан пайдалануға берілген. Ал 11-і жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар өңір мәдениетін басқа аймақтарға насихаттау мақсатында өткен жылы Астана қаласының 25 жылдығына арналған Қызылорда облысының «Өнер күндері» ұйымдастырылып, биыл Алматыда жалғасын тапты.

Аймақта жаңадан бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени-әлеуметтік нысанның бірі – «Анаға тағзым». Аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында ашылған орталықтың құрылысы өткен жылы ақпанда басталып, 29 қыркүйекте халық игіліне берілді. Ғимараттың көлемі 1379,3 шаршы метр, ал жалпы сметалық құны 1,7 миллиард теңгені құраған. «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанованың айтуынша, мәдени нысанда 30-ға жуық қызметкер бар.

– Орталықтың жұмысы Ұлы Даланың Ұлы аналарының киелі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бүгінгі қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыруға және креативті индустрияны дамытуға бағытталады. Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын «Анаға тағзым» экспозициялық кешенінде «Қазақ елінің Ұлы аналары» атты бірегей картина және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. Сонымен қатар 4 клуб, 2 студия жұмыс жасайды. «Ұлт жақұты» музейлік залы, 50 орындық конференциялық зал, 100 адамға лайықталған мәдени-концерттік зал және коворкинг орталығы бар, – деді ол.

Аграрлық әлеует

Сыр өңіріндегі жергілікті шаруалар өнім сапасын арттыруға күш салуда. Бүгінде Қызылорданың күріші өңірдің брендіне айналып, ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі ретінде экономикаға елеулі үлес қосып келеді. Пресс-тур барысында күріш өндірісі, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеу, құрама жем өндірумен айналысатын «ЖанАрай» ЖШС агро-индустриалды кешенімен таныстық. Кешен 2015 жылы іске қосылған. Мұнда 200-ге жуық қызметкер ұжымдастырылған.

Қызылорданың жаңа келбеті

Зауыт қызметкерлері кәсіпорынның бөліктерін көрсетіп, толық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бірінші бөлікте құны 565 миллионды құрайтын құрама жем өндіру зауыты орналасқан. Күніне 80 тонна жем өндірілсе, екінші бөліктегі күріш өңдеу зауытында тәулігіне 150 тонна күріш жармасы өңделеді. Ал келесі жеміс сақтау қоймасында 1500 тоннаға дейін жеміс сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Жобаның құны – 1 миллиард теңге.

– Жемнен бөлек «Сыр маржаны» күріші де ақталады. Күріш цехы тәулігіне 120-130 тонна күріш өңдейді. Өндіріс орнында қара күрішті тазалау, ақтау, қапқа салу жұмыстарының барлығы заманауи технологиялармен атқарылады. Сыр салысының «маржан», «янтарь», «лидер», «диамонд» атты сұрыптары 5 келіден бастап 10, 25, кейде тапсырысқа қарай 50 келілік қапқа дейін өлшеніп, нарыққа жіберіледі. Сырдың бренд дақылы бүгінде алыс-жақын шетелдіктердің қазанында қайнап жатыр. Аймақта кәсіпкерліктің дамуы артып, шағын және орта бизнес субъектілерінің көптеп ашылуы – мемлекеттік қолдаудың жемісі, – деді кешен директорының орынбасары.

Қызылорданың жаңа келбеті

Жаңарған «Орталық алаң»

Қаладағы басты қоғамдық және мәдени орынның бірі – Орталық алаң. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтар үшін ерекше маңызға ие. Алаңда түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттер, жиындар және серуендер ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда Орталық алаң – Қызылорданың көркі мен рухани өмірінің символына айналды. Себебі халықтың сүйікті демалыс орны демеушілер есебінен жаңғыртудан өтті.

51 550 шаршы метр құрайтын орталық алаңды абаттандыру жұмыстарына меценат Асқар Әубәкіров 1 миллиард теңге қаржы бөлді. Абаттандыру жұмыстары өткен жылы тамызда басталып, биыл шілде айында аяқталды. Алаң заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, жайлы әрі көркем орынға айналды. Мұнда субұрқақтар орнатылып, қиыршық тас пен жолжиек тастар төселіп, жарық диодты шамдар қойылған.

Сонымен қатар газондар мен көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылып, табиғи көрініске ерекше сән берілді. Алаңда шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылып, демалушылар үшін жаңа үлгідегі 70-ке жуық орындық қойылды. 147 жарық бағаналары алаңды кешкі уақытта жарықтандырып, ерекше атмосфера қалыптастыруда. Балалар үшін де арнайы ойын алаңы жасақталған.

Бірегей жоба

Қаладағы абаттандыру жұмыстарымен танысқан соң инфрақұрылымдық бағыттағы нысанға кезек келді. Инвестор қаржысына салынып жатқан Қызылордадағы «Жылу Электр Орталығы» ауқымды жобаның бірі. Бұл бастамаға «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» түрік компаниясы тарапынан 105 миллиард теңгеден аса инвестиция салынған. Ал жалпы құны 215 миллиард теңгені құрайды.

Құрылыс аяқталып, нысан сәтті іске қосылғанда оңтүстік өңірлердегі электр энергия тапшылығын жою мақсатында 240 МВт құрайтын электр қуатын тарату мүмкіндігі қарастырылады. Жоба аясында келесі жұмыстар жоспарланған. Қуаты 185 МВт және 55 МВт болатын болатын 3 газ бен 1 бу турбинасы салынады. Сонымен қатар сағатына 277 гигакалория жылу қамтамасыз ету мақсатында 3 бу қазандығы мен 2 су жылыту қазандығы орнатылады. Аумағы 24,5 гектар жерді құрайтын «Жылу Электр Орталығы» құрылысы 2025 жылы тамыз айында аяқталады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласының тұрғын үйлерін ыстық сумен қамтуға биыл Үкімет резервінен 11 миллиард теңге бөлініп, қаладағы 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады.

Сол жағалаудағы инфрақұрылымдық даму

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында көлік-логистика саласына тоқталып, бұл бағыт ел экономикасын алға бастайтын басты күштің біріне айналуы тиіс екенін айрықша айтты. Осы тапсырма аясында Қызылордада тағы бір жаңа нысан іске қосылды. Биыл сол жағалауда жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында жаңа автовокзал ашылды. Бюджеттік қаржы есебінен 975 миллион теңгеге салынды.

Жаңа автовокзалда жолаушылар мен жүргізушілерге, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қажетті жағдайлард қамтамасыз етілген. Мұнда жолаушылар халықаралық және ішкі 38 бағыт бойынша сапарға шыға алады. 200 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы вокзалда жолаушыларды түсіруге арналған 6 және сапарға шығатындарға арналған 11 перрон бар. Бұдан бөлек автопаркті жаңартуға ерекше көңіл бөлініп, 300 автобус сатып алынды.

– Өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан автобустар қала ішіне кірмейді. Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсететін автовокзалда 38 бағытқа рейс ашылды. Сапаржайды салуға өңір қазынасынан 975 миллион теңге жұмсалды. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сонымен бірге ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысына қажетті құрылғылармен жабдықталған. Тасбөгет, Белкөл, Ақжарма секілді қаланың шеткі аудандарынан қатынайтын қоғамдық көліктен бөлек 11 ауданаралық автобустарға қызмет көрсететін сапаржайдан көршілес мемлекеттерге де бағыт ашылды, – деді «Қызылорда автобус паркінің» директоры Абдубакир Маштаев.

Қызылорданың жаңа келбеті

Ал қала тұрғыны Қылышбек Жолтайлақов жаңа нысанның көңілінен шыққанын айтты.

– Жаңа автовокзалға келіп, жүгімді арнайы жүк қоймасына тапсырдым. Жоғары қабатқа көтеріліп, шәй ішіп, тынығып алдым. Енді автобусымның жүретін уақытын күтіп отырмын. Мұндай заманауи ғимараттардың бой көтеруі – уақыт талабы. Қаланың сол жағалауында орналасқан бұл автовокзал маған өте ұнады. Барлық жағдай қарастырылған. Демалуға арналған жайлы орындар, қажетті қызметтер мен инфрақұрылым толықтай қамтылған. Мұндай нысандар өңірдің даму деңгейін айқын көрсетеді, – деп әсерімен бөлісті қала тұрғыны Қылышбек Жолтайлақов.

Сол жағалаудағы жаңа нысандармен танысуды жалғастырып, келесі нүкте «Оқушылар сарайы» болды. Демеушілік қаражатына салынған ғимараттың құрылысы өткен жылдың желтоқсанында басталды. Кешеннің ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар.

– «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынған 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» өз жұмысын бастап кетті. Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Бұл ғимаратта балаларымыз бос уақытын тиімді өткізіп, пікірлес жаңа достар табады. Таным көкжиегін кеңейткен жас талапкерлер жаңалық ашып, жарқын болашағына қажетті дағдыларға машықтанады. Қазіргі таңда 35 қызметкер жұмыс жасайды, – деді оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Гауһар Құдайбергенова.

Сонымен қатар 16 үстел теннисі бар ойын алаңы, көрермендерге арналған 350 орындық трибунал, жаттығу залы және әкімшілік бөлмелері бар «Теннис орталығының» да жұмысы қарқынды жүруде. 3 652 шаршы метрлік екі қабатты жаңа орталық күніне 150 адамды қабылдай алады. Бұл нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға мол мүмкіндік береді.

– Осы жылдың қазан айында аймақ басшысының қатысуымен орталығымыздың жұмысы басталды. Облыстық бюджеттен 2,5 милиард теңге қаржы бөлінді. Оған «SamrukKazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлді. Үстел теннисі орталығымыз барлық халықаралық стандарттарға сай. Алдағы уақытта орталығымызда халықаралық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары өтетін болады. Күнделікті кешкі сағат 19-00-ге дейін жасөспірімдер тегін шұғылданады. 19-00-ден кейін әуесқой теннисші ересектеріміз ақылы түрде үстел теннисімен шұғылдана алады, – деді үстел теннисі орталығы директорының міндетін атқарушы Жәнібек Оңталап.

Жолаушыға арналған жаңа мүмкіндік

Әлқиссада айтқанымыздай, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы жұмысын бастады. Әуежайдың жалпы көлемі 7 500 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың ақпан айында басталып, биыл қараша айында толық аяқталды. Бүгінде әуежай аумағы толықтай абаттандырылып, ұзындығы 480 метр болатын төрт жолақты автокөлік жолы салынған. Бұл заманауи нысан «Болат Өтемұратов қорының» жеке қаржысы есебінен 16,6 миллиард теңгеге тұрғызылды.

– Қазіргі таңда 210 қызметкер бар. Жаңа терминалдың іске қосылуына байланысты 50 жұмыс орны ашылды. Бізде 26 рейс орындалуда, оның 17 рейсі Астана қаласына 9 рейсі Алматы қаласына. Келесі жылы Қызылорда-Көкшетау, аптасына екі реттік рейс ашылатын болады. Одан бөлек Ақтау, Атырау қалаларына, әуе компанияларымен рейс ашуға келіссөздер жүргізілуде. Өздеріңіз білесіздер жазғы уақытта Қызылорда-Анталия тікелей рейсі орындалған болатын. Ол рейстер де келесі жылы жазда қайтып қосылатын болады, – деді «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Әжмолдаев.

Қызылорданың жаңа келбеті

Сонымен қатар әуежайдың инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп, су, кәріз, электр және байланыс-интернет желілерін тарту, сондай-ақ бу қазандығын салу жұмыстары жүзеге асырылды. Екі телескопиялық траптар екі лифт, екі эскалатор, екі баспалдақ, ана мен бала бөлмелері және намаз оқитын бөлме қарастырылған. Ішкі және халықаралық рейстерге арналған залдар, транзиттік жолаушылар залы, СІР-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «DutyFree» аймағы, сауда нүктелері, медициналық бөлім, жолаушыларды тіркеуге арналған 8 орын және 5 өзін-өзі тіркеу орны, 10 төлқұжат бақылау кабинасы орналасқан. Жаңа әуежай өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және жолаушыларға жоғары сапада қызмет көрсетуге бағытталған маңызды жоба. Әуежай сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылған соң сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетеді. Бұл ретте көлік тасымалы көрсеткіштері 2 есеге артып, 50 жаңа жұмыс орны ашылған.

Іс-cапардан түйін. Сейсенбіде республикалық және облыстық БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз-туры барысында ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесін көзбен көрдік. Бұл ретте әр бастаманың оң беталысы халықтың жарқын болашаққа бастайтын жол болатынына көзіміз жетті.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!