Күллі мұсылман асыға күткен Рамазан айы да жақындап қалды. Бабаларымыз ежелден-ақ бұл айды «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Рамазан айында адамзат баласына қасиетті Құран түскен. Нәпсі тәрбиеленіп, күнәлар кешірілетін осы мерзімде мың айдан да қайырлы Қадір түні бар.
Алланың разылығы үшін ораза тұтып, ғибадат еткен әрбір жан бұл айдың ерекшелігін алғашқы күннен-ақ сезінеді. Адамдар арасында мейірімділік пен бауырмалдық арта түскенін байқайсың.
Байқауымызша, жастардың арасында ауыз бекітіп, сауапты істерге ұмтылып, тарауих намаз оқып, жақындарына сыйлық ұсынатындардың қатары көбейе түскендей. Тіпті үйді Рамазан айына сай безендіру де белең алды. Бұл әсіресе балаларға ерекше атмосфера сыйлайды. Бір-бірін ауызашарға шақырған туыстар мен достардың берекелі дастарханға жиылғанын, сыйластықтың артқанын әлеуметтік желіден де жиі байқай түсеміз.
Рамазан – Алланың мұсылман жұртына жасаған үлкен тартуы. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Кім рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі», – деген. Жаратушы пендесінің бүкіл күнә-кемшілігіне қарамастан, рақым нұрын төгетін бұл ай рухани жаңару, тазару уақыты.
Бұл дүниенің соңы болатыны, жасаған жақсылығың мен жамандығың, оң немесе теріс ниетің, кішіпейілдігің мен тәкаппарлығың сарапқа салынатыны ақиқат. Демек ораза иманнан туындайды.
Осы айда мұсылман адам күнәдан алыс жүріп, жанжал туындаса «мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен өзін сабырға жеңдіреді.
Он бір ай төпелеп келген нәпсіні тізгіндеп, құлағы мен көзін де жамандықтан тыяды. Тоңазытқыш толы тамаққа, бір жұтым суға қол соза алмай, Жаратушының алдында қаншалықты әлсіз құл екенін сезіне түседі.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деп оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген.
Жастардың арасында «оразаның мағынасы қандай, кімдер ораза тұтуы қажет?» деген сұрақ туындайтыны рас.
Бұл туралы дін өкілі Батыржан Мансұров Ramadan.muftyat.kz сайтындағы мақаласында былай деп жазыпты. «Алланың әміріне итағат еткен барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады.
Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бой алыстатады және сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді.
Енді оразаның мағынасына тоқталайық. Оразаның сөздікте «бір нәрседен алыстау» ал, шариғи мағынасы «ораза ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтану және белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу» дегенді білдіреді. Демек ораза адамға ең алдымен ішіп- жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану парыз болып табылады. Оразаның күнделікті уақыты таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралықта жалғасады. Алла тағала былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят).
Оразаның негізгі шарттары мұсылман, балиғат жасына толған әрі ақыл-есі түзу болу, ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу. Иә, ораза ұстау әрбір мұсылманға парыз. Ал бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Сондай-ақ, науқас немесе жолаушыларға да ораза парыз емес. Алайда ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасының қазасын өтейді. Құранда бұл жөнінде былай делінеді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» («Бақара» сүресі, 184-аят).
Ораза тұтып, бос сөз бен орынсыз әдеттерден тыйылып, ауызашарда судың әдеттегіден де тым тәтті екенін сезінген жан Рамазан айының ерекшелігін ұғына түсетіні рас. Тек әдепті сөз, жақсы амалдар бір аймен ғана шектеліп қалмаса дейміз. Өз сөзіңе қарауыл қойып сөйлеу, көркем мінез бен ізгі амалдар жасау Рамазаннан кейін де жалғасса тіпті ғажап емес пе? Ендеше бұл ай әр адамның рухани тазарып, толысатын айы болсын.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!