1990 жыл. 25 қазан. Бұл − ел егемендігіне жету жолындағы тарихи дата. Себебі дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның бастауы болған Егемендік декларациясы қабылданды.

Тарихи жадыны жаңғыртсақ, 1990 жылыҚазақ КСР егемендігін жариялай отырып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін қалыптастырды. Декларацияда алғаш рет аумақтардың тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, халықтар арасындағы татулық, тіл мен мәдениетті дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидалары бекітілді. Сонымен қатар саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу құқығы да жарияланды. Қазақстан ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал Президент елдің басшысы әрі атқарушы биліктің жоғарғы жетекшісі ретінде бекітілді. Міне, бұл құжаттың қабылданғанына биыл 34 жыл толды.

Республика күні 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған заң бойынша мемлекеттік мерекелер қатарына қосылып, 2009 жылы алынып тасталды. Арада 13 жыл өткенде бұл күнге «Ұлттық мереке» мәртебесі берілді. Себебі 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын» деген еді.

Ал заңнамаға сәйкес, ұлттық мерекелер − ел мемлекеттілігінің дамуына әсер еткен тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленеді. Ұлттық мереке аясында міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал мемлекеттік мерекелер − қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналады, сондай- ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтеді.

Егемендік алған жылдардан бері халықтың мәдени, рухани болмысы жаңарып, ұлттық сананың қалыптасуына жаңа серпін берілді. Өткенге құрметпен, болашаққа сеніммен қарайтын Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастықта орнықты мемлекет ретінде танылып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды.

Құрметті оқырман, Республика күні құтты болсын!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!