Фото: Үкімет
KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ-икпен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының ағымдағы мәселелерін және одан ары даму перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ машина жасау, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы бірлескен инвестициялық жобалардың табысты іске асырылғаны атап өтілді.
– Корея Республикасымен стратегиялық серіктестігімізді және бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерімізді жоғары бағалаймыз. Серіктестігімізді іске асыру арқасында біз жаңа жұмыс орындарын құрып, инновацияларды енгізіп, өндірістік қуаттарды кеңейте алдық, – деп атап өтті Роман Скляр.
Өз кезегінде Корея Республикасының Елшісі Чжо Тэ-ик Қазақстан басшылығына қолдау мен ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, экономиканың әртүрлі салаларында екітаралы қарым-қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Елші Чжо Тэ-ик Қазақстанның Халықаралық атом энергия агенттігіне қабылдануымен құттықтады.
Дипломат Қазақстан уран саласындағы маңызды ойыншы екенін атап өтіп, атом электр станциясын салуда сәттілік тіледі.
Кездесу соңында Роман Скляр Елші Чжо Тэ-икке қазақ-корей қарым-қатынасын дамытуға қосылған жеке үлесі үшін алғыс айтты және оған дипломатиялық мансабында табыс тіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!