Ресей архивтері зерттеушілерге саяси қуғын-сүргін құрбандарының істерімен танысуға тыйым сала бастады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Коммерсантъқа сілтеп.
20 наурызда қабылданған Росархивтің №38 бұйрығында кейбір материалдарды «қызметтік пайдалануға арналған ақпарат» санатына енгізу тәртібін белгіленген.
Зерттеушілердің айтуынша, енді аталған санатқа жататын адамдардың істерін тек туыстық қатынас дәлелденген жағдайда ғана көруге рұқсат етілуде. Мұндай шектеу бұрын болмаған.
Свердлов облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істеп жүрген зерттеуші Олег Новоселов қыркүйек айының соңында алғаш рет мұндай кедергіге тап болғанын айтты. Оның сөзінше, архив қызметкерлері Росархивтен істерді бермеу туралы ресми нұсқау алған.
Алайда «Ресей Федерациясындағы архив ісі туралы» №125 федералдық заңына сәйкес, жеке өмірге қатысты құжаттарға қолжетімділік жасалған күннен бастап 75 жыл өткен соң ашылуы тиіс. Осы мерзімнен кейін материалдарды кез келген азамат зерттей алады.
Росархивтің түсіндіруінше, жаңа бұйрық елдің «мемлекеттік мүдделерін қорғау мақсатында» қабылданған. Ведомство архив құжаттарының таралуы «Ресейдің қауіпсіздігі мен халықаралық беделіне нұқсан келтіруі мүмкін» деп есептейді.
Тарихшы Александр Дюков мұндай шектеуді «абсолютті теріс құбылыс» деп атап, «архивтерде сақталған істер ғылыми тұрғыдан аса маңызды дерек көзі болып табылады» деді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!