Фото: primeminister.kz

Мемлекеттік білім грантын алған 2 мыңға жуық студент одан бас тартты. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Өкінішке қарай, БАҚ-та бірнеше қате ақпарат тарады. Біріншіден, төтенше жағдайға байланысты квота заңсыз деді. Ең алдымен мұндай квота болған емес. Білім туралы заңда жеңілдігі бар, мемлекеттік білім грантын бөлу барысында белгілі бір басымдыққа ие азаматтардың нақты 10 санатын регламенттейді. Олар: жетімдер, мүгедектер, қызметін өтеу барысында қайтыс болғандардың балалары және басқалары. Яғни, біз заңсыз ештеңе жасаған жоқпыз. Су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірдің балалары, талапкерлері бірқатар артықшылыққа ие болды. Бұл — Үкімет, біздің министрлік биыл қабылдаған бірреттік қана шешім еді. Демек, оларға ҰБТ-ға дайындалуға қосымша уақыт пен қаңтар мен наурыздағы сынама ҰБТ сертификатын егер ол кезде баллы жоғары болса, соны пайдалануға рұқсат берілді», — деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, екінші қате ақпарат — аталған балалардың оқуға түсе алмауына байланысты қосымша грант бөлінуіне қатысты болды.

«Шындығына олай емес. Бүгінде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Біріншіден, 10 607 талапкер жоғары балл алғанымен грантқа іліге алмай қалды. Олардың нақты саны осы. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардан (2 760 грант), ірі жұмыс берушілерден (Freedom 400 грант бөлді), үкіметаралық (Түркия Үкіметі Қазақ-түрік университетіне 500 квота бөлді) қосымша грант бөлінді. Бүгінде грант алғанымен түрлі себептерге байланысты бас тартылған 1 989 грантты қайта бөлдік. 10 607 талапкердің бүгінде 7 799-ы грант алды. Демек, олардың мәселесі толығымен шешілді. Қазір бізде резерв қалып отыр. Қыркүйек айының соңын күтіп отырмыз. Гранттан әлі де бас тартатындар болуы мүмкін. Яғни, ақылы оқуға, басқа университетке ауысып жатуы ықтимал. Бұл гранттар да заңмен белгіленген тәртіппен ұлттық тестілеу орталығының тұғырнамасында автоматты түрде жоғары балл алған түлектер арасында бөлінеді», — деді Саясат Нұрбек.

Дереккөз: KAZINFORM

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!