Қазақстан халқының табысын арттырудың 2022-2024 жылдарға арналған «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір халық табысын арттырудың 2022-2024 жылдарға арналған «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жұмысы жүріп жатыр. Аталған жобаға қатысатын 20 жоғары оқу орындарының тізімі жуықта хабарланады. Жоба мақсатына сәйкес өңірлік және салалық жоғары оқу орындары сұранысқа ие мамандарды даярлауды өз мойнына алып, жергілікті озық тәжірибе тарату орталықтарына айналуы тиіс», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, халық табысын арттыруға арналған «Мамандығым-болашағым» жобасы аясында мынадай жұмыс қолға алынады:
1) Алдағы 5 жылға өңір немесе сала инновациялары мен кадр қажеттілігіне форсайт-зерттеулер және болжам жүргізіледі;
2) Әр өңір мамандықтар бойынша кәсіптер атласын әзірлеп, мамандар даярлайды:
3) Кәсіптер атласына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзекті ету;
4) Жаңарған білім беру бағдарламалары үшін профессорлық-оқытушылық құрам даярлау.
«Тұтастай алғанда, жоғары оқу орындары сол өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділікті жинақтайтын орынға айналдыру керек. Өзара іс-қимыл үшін стратегиялық тұғырнама болуы тиіс. Осы тұрғыда, бізде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен олардың аймақтық хабтарын өңірлік университеттерді дамыту бағдарламасымен ұштастыру жөнінде алдын ала уағдаластық бар екенін атап өткім келеді», – дейді С. Нұрбек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!