Шілденің аптап ыстығында елордаға табан тіреген жан бірінші биік ғимараттарды емес, бұл қаланың бойында соғып тұрған үміт пен болашаққа деген сенімді сезеді. Астана – жай ғана қала емес. Бұл – тәуелсіз елдің болашаққа ұмтылған ең алғашқы батыл қадамы. Сондықтан да 6 шілде – ресми күнтізбеден гөрі, тарихи таңдау мен ұлттың рухын айшықтайтын ерекше күн.

Өткенге көз жүгіртсек, 1997 жылдың 20 қазан күні Мемлекет басшысы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол жарлық бойынша Ақмола қаласы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан астанасы болып жарияланды. Ал ел астанасын ауыстыру туралы ұсынысты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесі депутаттарына ұсынған еді. Сол уақытта Парламенттегі депуттардың пікірі екіге бөлінген.

Сол уақыттағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаев Парламент кулуарындағы жағдайды: «Әдеттегі абыр-сабырдан әп-сәтте тыйылып, құлақтарын түре-түре қалыпты. Ақпарламаны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жасады. Зал тым-тырыс. Сілтідей тынып, тыңдап отыр. Президент сақадай сай әзірленіп келген. Қарша жауа жөнелген сұрақтарға еш мүдірместен егжей-тегжейлі жауап беріп жатыр. Сұрақтар сонда да тыйылар емес. Арасында әдейі намысқа тигісі келген қыршаңқы сұрақтар да жеткілікті. Олардың көпшілігі мәселенің бұлайша төтен қойылуынан әлдебір астар іздейді. Геосаяси айла-шарғы тапқысы келетіндер де аз емес. Тіпті, өйтіп алыстан қармамай, күнделікті тұрмыстық күйбең тіршілікпен, жекжат-жұрағаттықтың жай-жапсарына байланыстыратындар да табылмай қалмады. Кейбірі бәрін апарып қайдағы бір саяси амбицияларға телиді. Ондай түймедейден түйедей, тырнақ астынан кілегей іздейтіндерді былай қойғанда, естияр деп жүрген азаматтардың өздерінің жуасытылмаған тайға мінгендей, тақымдарын қысып, қобалжып отырғандары байқалады. Көпшілігі басы қарқарадай Алатау мен жасыл торқа жамылып Алматы тұрғанда, аяқастынан ақ түтек бораны арсы-күрсі Арқа төсіндегі қайдағы бір күйелеш-күйелеш көнетоз қалаға көшудің соншама неге керек болғанын, қанша ойланса да, ақылдарына сыйғыза алар емес… Көбінің көзінен «Әлі де ойлана түссек қайтеді?!» дейтін уайым, шын қиналыс байқалады. Жасыратын несі бар, менің өзім де сол ыңғайға көбірек дес беріп отырғандаймын» деп сипаттайды.

Ақырында астананы көшіру мәселесі қаралып, 1994 жылғы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңес дауыстағы азғантай ғана айырмашылықпен астананы Ақмолаға ауыстыру туралы ұсынысты мақұлдау туралы шешім қабылдады. Ал 1998 жылғы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астанаға өзгертілді.

90-жылдардың алағай- бұлағай кезеңінде, экономикалық дағдарыс пен саяси белгісіздік белең алған шақта ел астанасын ауыстыру туралы шешім көпшілікті таңғалдырғаны рас. Бірақ сол бір сәт – Қазақстан тарихының ең маңызды бұрылыстарының бірі болды. Астана – болашаққа сенген елдің ерік-жігерін, тәуекелін, батылдығын көрсеткен нақты қадам еді. Бұл өз кезегінде жаңа тарихтың, жаңа тыныстың бастауы болатын.

Сол күннен бастап Сарыарқаның төсінде алып құрылыс басталды. Елорда – даланың аңқылдаған желіне қарсы тұрып, шаң мен жаңбырға қарамай жұмыс істеген құрылысшылар, инженерлер мен қарапайым мамандардың маңдай терінен туған қала.

Бүгінде Астана – сәулетімен де, салмағымен де әлем көз тіккен мегаполис. Бұл қалада заманмен үндескен биік ғимараттармен қатар, ұлттық рухты сақтаған салт пен сана бар. Қазақтың бүгінгі келбеті – осы Астана көшелерінде жүр. Баласын жетелеп жүрген ана да, ертеңгісін ойлаған жас та – осы қаладан үміт күтеді.

Бас қала Астананы жастардың қаласы дейміз. Бұл да жайдан жай айтылмаған. Себебі қала тұрғындарының орташа жасы – 30 жас. Елорда төріндегі «Ailand» океанариумы Гиннес рекордтар кітабының тізімінде. Ол теңізден ең шалғай жерде, 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз океанариум. Мұнда 2500-ден астам гидробионт мекендейді. Дәл осы кереметті көруге жылына әлемнің 35 елінен 500 мыңнан астам қонақ келеді. Ал 2003 жылы «Moody’s Investors Service» әлемдік рейтинг агенттігі елорданы әлемнің ең үздік 30 қаласының қатарына кіргізген.

Еуразия құрлығының орталығында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан астанасы ыңғайлы көлік, коммуникация және логистика орталығына айналды. Елорданы көшіру туралы шешім қабылданған сәтте Ақмола халқының саны не бәрі 290 мың адам болған. 1 мамырдағы есеп бойынша, Астана қаласындағы халық саны 1 558 501 адамды құрады. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 1047582,4 миллион теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың қаңтар-мамыр айымен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Салалық өсім де байқалады. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1488,1 миллион теңге, ал капиталға салынған инвестиция көлемі 705,4 миллиард теңгені құрады. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 427,6 млрд теңге болса, өсім 20,9% болды. Инвестициялар көбіне жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, өнеркәсіп, көлік және қоймалау, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және т.б. бағыттарға тартылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 8% өскен. Ал жұмыссыздар саны 33850 адамды құрайды. Бұл I тоқсандағы дерек. Былтырғы есептеулер бойынша, халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 331276 теңгені құраған. Бұл 2023 жылға қарағанда 11% жоғары, аталған кезеңге нақты ақшалай табыс 0,5%-ға көбейген. 2001 жылдан бастап елордада «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы» іске қосылды. Нәтижесінде қала мен ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналды.

Астана – елдің жүрегі. Ал жүрек соғып тұрғанда, барлығы алға басады. Астана күні құтты болсын!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!