Ұялы телефонның мүмкіндігі мол. Қалтафонның көмегімен керек құжатты жасап, сапалы бейнеролик те түсіруге болады. Осы орайда өнімнің сапалы шығуы үшін бағдарламалардың жаңаруы, смартфонның соңғы үлгіде болуы маңызды. Сондықтан болар, SММ мамандар мен блогерлер смартфонның жаңа нұсқасын алуға асығып, жыл сайын сәннен қалмауға тырысуда. Бастапқыда Iphone, Samsung деп бөлінетін болса, бүгінде әр модельдің оншақты түрі шыққан. Алайда халықтың қызығушылығы мен сұранысына қарай смартфонның өтімділігі артатынын ескерсек, iPhone 14-тің бәсі биік. Бағасы миллион теңгеге бағаланған смартфонның ерекшелігі мен мүмкіндігі қандай?
Apple корпорациясы 7 қыркүйекте жаңа құрылғыларды таныстырды. Олардың ішінде iPhone 14 смартфонымен басқа да жаңа өнімдер бар. Компанияның жаңа технологияны таныстыру іс-шарасы туралы алғаш болып Bloomberg агенттігі хабарлаған еді. Таныстырылымда iPhone 14, iPhone 14 Max, iPhone 14 Pro және iPhone 14 Pro Max смартфондары, Apple Watch-тің үш жаңа моделі және жаңа iPad өнімдері ұсынылды.
Көптен күткен iPhone 14 қыркүйек айының ортасында сатылымға шықты. Бүгінде смартфонды жастар жарыса сатып алып, несиеге шырмалуда. Бір-бірінен қалыспауды мақсат тұтқандар жаңа шыққан өнімді алғаш болып алғанына масаттанып, әлеуметтік желілерде сүйіншілеуді бастаған. Аталған қалтафон қаншалықты құнын ақтайтыны әзірге күмәнді. Десе де жастардың iPhone 14-ке миллион теңгеге жуық қаржыны ойланбастан беруі компанияның сату шеберлігінен хабар берсе керек.
Баға көрсеткішін айтуымыздың да сыры бар. Мәселен, аталған марканың ең арзан құны 350 мың теңгеден басталады. Бұл Қазақстандағы орташа айлық табыстан 100 мың теңгедей жоғары. Нақты мәлімет үшін баға деңгейін ашық көрсетейік. Нарықтағы iPhone 14 базалық моделі – 800 доллар (357 мың 45 теңге), iPhone 14 Max – 900 доллардан басталады (401 мың 676 теңге), iPhone 14 Pro – 1100 доллар (490 мың 938 теңге), 14 Pro Max – 1200 доллар (535 мың 568 теңге). Айта кетейік, iPhone 13 топтамасында ұялы телефондардың бағасы – 700 доллар (312 мың 415 теңге), 800 доллар (357 мың 45 теңге), 1000 доллар (446 мың 307 теңге), 1100 доллар (490 мың 938 теңге). iPhone 14 телефондарының бағасы бұрынғы модельдермен салыстырғанда жоғары болады. Бұған қоса алдағы уақытта барлық модель 100 долларға (44 мың 631 теңге) қымбаттайды деген мәлімет жоқ емес.
Жалпы смартфонның артықшылығы көп. Үйде отырып кез келген жұмысты бітіріп, кез келген құжатқа қол қойып жіберуіңізге толықтай мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ жоғалтып аламын деген қауіп болмайды. Телефон қосылған жағдайда тез тауып алуға мүмкіндік бар. Тағы бір ерекшелігіне тоқталсақ, жаңа топтамаға 6,1 дюймдік iPhone 14, 6,7 дюймдік iPhone 14 Max, 6,1 дюймдік iPhone 14 Pro және 6,7 дюймдік iPhone 14 Pro Max енген.
Мөлдір Кенжеғұлова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!