Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде Сексеуіл кентіндегі 300 орындық «Келешек мектебінің» ашылу рәсіміне қатысты. Конституция мерекесі қарсаңындағы салтанатты басқосуға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыс әкімі тұрғындарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Сіздерді жаңа бастамалар мен үмітке толы мереке 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл білім ордасы оқу мен ізденіс арқылы әр баланың болашағын айқындайды.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Облысымыздың бюджеті 823 млрд. теңгеден асып, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті.
2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 5 млрд. 700 млн. теңгеге 9 мектеп жанынан 2 900 орындық қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
«Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд. 400 млн. теңгеге Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы, жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат ел игілігіне табысталды.
Мұнда оқу үшін еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 200 бала қабылданды.
Аталған қор есебінен 2 млрд. 333 млн. теңгеге Арал ауданы Мергенсай елді мекенінен 150 орындық заманауи мектептің құрылысы жүруде. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп күрделі жөнделеді (реновация).
Биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 400 млн. теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Соңғы үш жылда 5 млрд. 300 млн. теңгеге 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен үш жылда апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты.
Өңіріміздегі апатты деп танылған 3 білім ордасын республикалық бюджет есебінен жаңадан салу жоспарлануда. Министрлікпен келісім бар.
Қайтарылған активтер есебінен 8 млрд. 200 млн. теңгеге 5 мектептің құрылысы қаржыландырылады.
Жаңа мектеп баршаңызға тағы да құтты болсын! Еліміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа биіктерге жетелейтін білім жолы әрдайым жарқын болсын!», – деді Н. Нәлібаев.
Жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз сөйлеп, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, Мұрат Әбенов, Наурызбай Байқадамов Сыр өңіріндегі серпінді жұмыстарға тоқталып, тұрғындарға құттықтауларын жеткізді. Қоғам қайраткері Биғали Қаюпов пен Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Жолмырзаев бата берді.
Аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд. 400 млн. теңгеге 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Қалған 4 мектептің біреуі бүгін салтанатты түрде ашылды, екеуі жаңа оқу жылына дайын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!