Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен жауапты сала басшылары қатысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда Ақтөбе және Қызылорда облыстарының шегірткеге қарсы күрес жүргізу барысы талқыланып, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
«Былтырғы зерттеу жұмыстары нәтижесімен облыс бойынша 115 418 гектарға фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу жоспарланған. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 24 702 гектарды, азиялық шегірткеге қарсы 35 322 гектарды, саяқ шегірткеге қарсы 55 394 гектарды қамту межеленген.
Ерекше қауіпті шегірткеге қарсы өңделуі тиіс 60 024 гектардың 33 476 гектары аса жеңіл ұшақпен, 15 434 гектары ұшақпен, 7 152 гектары жер агрегатымен, 3 962 гектары дронмен республикалық бюджет есебінен атқарылуда.
Ел аумағында рұқсат етілген «Ацет» және «Карат Супер 100» инсектицидтері қолданылуда.
Италиялық прусқа қарсы 448,3 мың гектар жер зерттеліп, экономикалық зиянды шегінен асқан 19 мың гектардың 12,2 мың гектары өңделді.
Ал азиялық шегірткеге қарсы 58,8 мың гектар зерттеліп, 3,2 мың гектар залалданғаны белгілі болды. Экономикалық зиянды шегінен асқаны – 2,5 мың гектар, өңделгені – 1,0 мың гектар.
Арал ауданында италиялық прусқа қарсы 124,6 мың гектар жерге мониторинг жүргізіліп, экономикалық зиянды шегінен асқан 11,0 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Саяқ шегірткеге қарсы күреске 12 арнайы жер агрегатын және 3 әуе ұшағын қатыстыру жоспарланып, барлығы облысқа жеткізілді.
Химиялық өңдеу жұмыстары 6 арнайы жер агрегаты және 1 ұшақпен атқарылуда.
Арал ауданында анықталған экономикалық зиянды шегінен асқан 1,5 мың гектар алқап 3 күн ішінде өңделеді.
Алдағы уақытта зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар мерзімінде, сапалы және өз деңгейінде жүргізіледі», – деді Б.Жаханов.
Министр жергілікті атқарушы органдар мен облыстық аумақтық инспекцияларға тапсырмалар жүктеп, алдағы жұмыстарды айқындады. Облыста шегірткеге қарсы жүргізілетін іс-шаралар жоспарының орындалуы қатаң бақылауда болады. Шегіртке тектестерге қарсы күресті уақытылы және сапалы ұйымдастыру үшін зерттеу жүргізіледі. Су көздері анықталып, құдық иелерінен су алу және басқа да ұйымдастыру іс –шараларына жәрдем көрсетіледі. Күтпеген жағдай туындаса, арнайы бүріккіш техникалармен қамтамасыз ету, шегіртке дернәсілдерін жедел химиялық өңдеу тапсырылды.
Еске салайық, ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына облыста 4 арнайы жер агрегаты, 2 аса жеңіл ұшақ және 1 ұшақ қатыстыру бекітілген.
Қазіргі күні 14 арнайы жер агрегаты, 4 ұшақ, 2 аса жеңіл ұшақ, 5 дрон және 45 ранс аппараты іске қосылған.
Бұдан басқа, аудандар мен қалада «2025 жылы Қызылорда облысында шегіртке зиянкестерімен күрес шараларының іс-жоспары» жасалды.
Жол картасына сәйкес, маусымдық кезеңде шегіртке зиянкестерімен күрес шараларын ұйымдастыру-үйлестіруге 4 жұмысшы топ жұмылдырылуда.
Өңдеу жүргізілетін әр ауылдық округтен техникалар, зерттеушілер мен жауапты мамандар бекітілді. Жалпы үйірлі шегірткеге қарсы күреске 324 адам қатыстыру жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен маусымдық жұмысқа 230 зерттеуші маман тартылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!