2023 жылғы мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде жоғары білімге гранттың көп бөлінгеніне қатысты пікір тарады. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев статистикалық деректер келтіріп, желі қолданушылары сөзінің негізсіз екенін жазды.

Вице-министр Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметіне сүйенген. Соған сәйкес, Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62%-ды құрайды. Алайда бұл көптеген елден едәуір төмен. Мысалы Ресейде бұл көрсеткіш – 82%, Оңтүстік Кореяда – 94%, Ирландияда – 78%, Беларусьте – 81%.

Елімізде жоғары білімі бар азаматтардың статистикасына қарасақ, ерлердің үлесі 17%, әйелдердің үлесі 21%. Бұл – төмен көрсеткіш. Осыны ескерсек, әлеуметтік желідегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сын қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды.

Биыл елімізде 174 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Сондай-ақ 140 мыңға жуық түлек колледж бітірді. Олардың ішінде 94 мың түлек грант конкурсына қатысты. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Статистикаға қарасақ, грант негізсіз бөлінді деп айтуға келмейді. Керісінше, Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу іздемей, елімізде қалуына және халықтың жоғары білім жеңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз, – деп жазды Қуаныш Ерғалиев.

Айтуынша, түлектерге бөлінген гранттардың жартысынан көбі әлеуметтік осал санатындағы адамдарға арналған.

Квоталардың үлесі мемлекеттік гранттардың жалпы санының 53,5%-ын құрайды, оның ішінде 35%-ы ауыл жастарына бөлінген. Әлеуметтік осал топтарға барлығы 9 квота қарастырылған. Елімізде жоғары білім барлығына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Үкіметтен гранттардың бөлінуі, әлеуметтік қолдау көрсетілуі жастардың дамуына әсер етеді, – деп жазды Ерғалиев.

Вице-министр мемлекет тарапынан жастайынан қолдауды сезініп өскен бала болашақта да еліміз үшін аянбай еңбек ететінін айтты.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылғы білім гранттарын бөлу нәтижесін жариялады. Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.

Президент тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына – 500 грант берілді.

Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығы бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға таласты. Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (14 адам), Құқық (11 адам), «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» (10 адамнан) болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!