Қостанай тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Тергеушілердің айтуынша, ол өз жәбірленушілеріне алаяқтық жолмен онлайн несие рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, 29 жастағы қостанайлық тұрғын өңірдегі 15 тұрғынның атынан алаяқтық жолмен онлайн несие рәсімдеген деген күдікке ілінді. Ол шамамен 10 млн теңгеге шығын келтірген. «Ер адам бейтаныс адамдардың сеніміне еніп, өзін шетелдік тұрғын ретінде таныстырған. Ол өзінің қиын жағдайда және ақшасыз қалғанын айтқан. Ер адам өзіне туыстарының ақша аударуы үшін олардан банктік шоттардың деректемелерін сұраған, – деді Қостанай қаласы ПБ жедел уәкілі Саят Асанов. Күдікті сенімді жәбірленушілердің телефондары арқылы ақшалай және түрлі тауарларды сатып алуға онлайн-несиелерді рәсімдеген. Қазіргі уақытта барлық факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!