Бүгін Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 120 пәтерлік 60 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы Жаңа жылдың алғашқы күндерінде көл-көсір қуанышқа кенеліп, жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін білдірді. Жыл қорытындысымен іске асқан игіліктерді, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.


«Алдымен баршаңызды Жаңа 2025 жылмен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Жаңа жыл жемісті де нәтижелі, ырыс-несібесі мол жыл болсын. Мереке күндері Шиелі ауданында бірқатар нысан ашылып, «Ортақшыл» ауылына «көгілдір отын» келді. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауы барлық саланың көтеріңкі көрсеткіштерінен, іске асқан жобалардан, қолданысқа берілген нысандардан, байыпты бастамалардан байқалады. Жыл бойы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік.
Осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд. теңге болған аймақ бюджеті 206 пайызға өсіп, 750 млрд теңгеден асты.
Бұл қаражатты тұрғындардың кездесулерде, қабылдауларда көтерген ең өзекті мәселелерін шешуге бағыттадық. Іске қосылған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізуде. Әсіресе, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің тыныс-тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашты.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары Шиелі ауданында да үйлесімді жүргізіліп келеді. 2024 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 14 млрд. 550 млн. теңге болып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артты. Жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 67 934 шаршы метрге жетіп, 10,9 пайызға өсті. Бүгін Шиелі кентінде 120 пәтерлік 60 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға салтанатты түрде табысталады.
Мұндай маңызды бастамалар әрі қарай да жалғасатын болады.
Елдік мүддеге қызмет етіп, жаңа баспаналарды сапалы салып, уақытылы аяқтаған мердігер компания ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналып, қуаныш пен құт қонсын!
Балаларымыздың шат күлкісі үйдің ішін бақытқа толтырсын!
Қуаныштарыңыз көбейсін!
Қоныстарыңыз құтты болсын!»,-деді аймақ басшысы.

Іс-шарада ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер, әр салада еңбек ететін азаматтар, құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды. Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жиылған жұртшылықты құттықтады, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.
Жаңа пәтерлер 3 бөлмелі, ас үй мен жылыту бөлмесі де бар. Сапалы құрылыс материалдарынан салынған жаңа баспаналар кенттің келбетін көріктендіре түсті.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!