Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Аманжол Әлтай, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, сондай-ақ, Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының өкілдері арнайы қатысты.
Рәсім үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
« Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» – деген болатын.
2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, атаулы жылда мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асты.
«Руханият жылы» Сыр өңірі үшін жемісті жыл болды. Барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңге, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде.
Сыр өнерпаздарының әлеуметтік мәселесі де басты назарымызда. Мәдениет саласы өкілдеріне арналып алғаш рет жаңадан көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 жаңа қызметтік пәтер табысталды. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын табысталуда. «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы республикалық айтыста жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыраны» иеленді. Бұл жеңіс аймағымызда жарияланған «Руханият жылы» қорытындыланатын тұста керемет тарту болды. «Руханият орталығы» бірліктің ордасы болып, еліміздің құндылықтар қазынасын толықтыра бергей. Жаңа 2025 жыл құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты,
айтыскер ақын Аманжол Әлтай,
Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жиылған жұртшылықты құттықтады. Ақын Жүрсін Ерман ақ батасын берді. Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Рәсімде Мейірбек Сұлтанхан арнау айтып, «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.
Бұл – Сыр елінің айтыскер ақындары жеңіп алған екінші «Алтын домбыра». Оны Сыр руханиятының жұлдызын биікте жарқыратқан Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлап, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты.
Айта кетейік, төрімізге озған 2025 өңір үшін тарихи маңызды жыл болмақ. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1925 жылы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шыққан. Сырдың киелі топырағында Кеңестердің Бүкіл қазақстандық бесінші съезі өтіп, «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деген атау «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертіліп, ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылды. Республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданды. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Өнер-білім ордаларының іргесі қаланып, әсем ғимараттар бой көтерді.
Ұлт зиялыларының баршасы осы қалада шоғырланды. Қызылорда сол кезден бастап қазақ елінің тек саяси ғана емес, рухани және мәдени орталығына айналды, халық ағарту ісі, қазақ әдебиеті, театры сынды рухани құндылықтар осы топырақта жаңа қарқынмен дамыды. Биыл қазақ театр өнерінің негізі қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады.
Кәсіби өнер ұжымы 300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!