Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданының «Шижаға» ауылын және «Сексеуіл» кентін газ желісіне қосу рәсімі өтті.

Рәсімге Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Жаңа жылмен, көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.

«Жаңа жыл – жаңа үміттердің, асқақ армандар мен жарқын мақсаттардың бастауы. Өткен жыл аймағымыз үшін бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жетістіктердің кезеңі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– деп атап өткен болатын.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында аймағымыздағы байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың нәтижесін халық көре бастады. Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Осылайша халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өсті.

Бүгін – көптен күткен қуанышты күн, «Шижаға» елді мекені мен «Сексеуіл» кентін газдандыру толық аяқталды. Тұрғындар күнделікті тұрмыста «көгілдір отын» тұтына бастады. Баршаңызды игілікке қол жеткізулеріңізбен құттықтаймын. Жаңа жылда барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!», – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты іс-шараларда Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жиналған қауымды құттықтап, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев батасын берді. Сонымен қатар, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлер марапатталды.

Сексеуіл кентіндегі «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу» жобасының құрылысы биыл аяқталды. Рұқсат құжаттар әзірленіп, монтаждау жұмыстарын жүргізуге «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалған. АГТС құрылғылары өзара байланыстырылып, құбырлар гидравликалық тексеруден өткізілген.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!