Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері үш күнде жұбайына тұрмыстық зәбір көрсеткен 81 адамды жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясын өткізуде.
Мұндағы мақсат – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, ана мен баланы қорғау және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту. «Іс-шараның үш күнінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар телефондары және отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған іс-қимыл алгоритмі бар 4500-ден астам парақша таратты. Қалалар мен аудандардың көшелерінде 70-тен астам билборд пен плакат орналастырылды», – делінген ақпаратта. Сонымен қатар тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдардың, тұрмысы нашар отбасылардың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізілді.
«Акция басталғалы бері 196 азаматқа қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды, 39 құқық бұзушыға қатысты сот тәртібінде мінез-құлыққа ерекше талаптар қойылды. Тұрмыстық зәбір көрсетіп, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасаған 81 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов. Айта кетейік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрақты негізде 77-46-76 сенім телефоны арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ 77-19-22, 8-771-44-511-44 телефондары бойынша «жедел желі» іске қосылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!