Фото: astanatv.kz
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Шығыс Қазақстан облысын UTC+6 сағаттық белдеуін қайтару керек» деген Мәжілістің бір топ депутаттардың ұсынысына жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
– Жалпы соңғы 10 жыл ішінде біз уақыт белдеуін өзгерту туралы мәселені талқыладық. Мамандардың, сарапшылардың үлкен тобы жұмыс істеді. Былтыр біз осы мәселені талқылап, бірыңғай уақыт белдеуіне көшеміз деп шешім қабылдады. Енді депутаттық корпус бұл мәселені көтеріп, олар өз ұсыныстарын бізге береді. Оларды қарастыратын шығармыз, – деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің баспасөз орталығында.
Оның пікірінше, Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің салдарын да қарастыру керек.
– Осы сағат белдеуіне өткенімізге бір жылда болған жоқ. Алайда қазір осы өзгерістің қандай салдары болғанын да қарастыру керек шығар. Денсаулық сақтау жүйесі, энергияны пайдалану жүйесі бойынша біз қандай да бір өзгерісті, ауытқуды көріп отырған жоқпыз. Сондықтан олардың ұсыныстары мен аргументтерін қарастырайық. Кейін ұсыныстарды ескеріп, осы мәселелерге жауапты тиісті мемлекеттік органдар арқылы қарастырамыз, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметтен бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап еткен еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!