«CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» және «Enactus Water race» республикалық байқауында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері жеңімпаз атанды. Байқауда білім алушылар «Bike Parking» жобасын таныстырып, 800 мың теңге грантқа ие болса, екінші сайыста 2-ші орын иеленіп 700 мың теңге ұтып алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бизнес старт жастар кәсіпкерлігі орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев хабарлады.
- «CHEVRON» компаниясының демеулігімен 2 байқау өткізілді. Оның бірі – Назарбаев университеті ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобасы. Мүнда 100 университеттен өтінім қабылданып, соның 36-сы жартылай финалға өтті. Соның ішінен 16 жоба қолдау тапты. Біздің студенттеріміз өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, 800 мың теңге иеленді. Екінші сайыс «Enactus Water race» республикалық байқауы – экологиялық стандарттарға сай және су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған. Университетіміздің белсенді жастары сайыста 2-ші орын алып, 700 мың теңге ұтып алды, – деді Жанарыс Түбекбаев.
-«Bike Parking» байқауы – оқу ғимараттарының алаңында велотұрақтар қоюға арналған жоба. Бұл студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, экологиялық тазалықты сақтауға септігін тигізеді. Алдағы уақытта оқу орындарының алдында 8 велотұрақ орналастыратын боламыз, – деді Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 2 курс студенті Темірлан Абжанов.- Велотұраққа байланысты студенттерге арнайы сұрау салған болатынбыз. Басым көпшілігі біздің идеяны қолдады. Алдағы уақытта жоба нәтижесі барлық білім алушыларға пайдасын береді деген ойдамын, – деді Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 3 курс студенті Жауынбай Ислам.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!